ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Миграциялық дағдарыс Еуропа жұртшылығын дамыл таптырар емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастық АҚШ-та орын алған жарылыстарға жіті назар аударды. Алдымен Нью-Джерсидегі қайырымдылық бәсекесі басталар сәтте, одан кейін Нью-Йортің адам аяғы жиі ауданында жарылғыш зат іске қосылды.

Мұнан бөлек, өткен жексенбіде Лос-Анджелесте мәртебесі жоғары «Эмми» телевизиялық сыйлығы 68-ші рет табысталды. Айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан үздік драмалық сериал атағы америкалық НВО телеарнасы түсірген «Тақтар ойыны» фэнтези-сагасы жеңіп алды.

Тарих қойнауына сырғып бара жатқан бұл апта адамдардың жаппай қырылуымен де есте қалмақ. Мысыр жағалауында Италияға жетуді мақсат тұтқан 600-ге жуық босқын су түбіне кетті. Бұл оқиға Еуропа елдеріндегі көші-қон саясатының тиімділігіне қатысты мәселенің тағы да көтерілуіне түрткі болды.

Нью-Йорк пен Нью-Джерсидегі жарылыстар

Өткен сенбіде АҚШ-тың екі қаласында жарылыс  орын алды. Нью-Йорктегі қастандық барысында 29 адам жарақат алса, абырой болғанда  Нью-Джерсиде ешкім зардап шекпеді. Сенбі күні кешқұрым  Нью-Йорктің Челси ауданындағы жарылыс полиция ақпаратына қарағанда, 6-шы және 7-ші даңғылдар арасындағы 23-ші көшеде орын алған. Осыдан кейін полиция ауданды қоршауға алып, жарылыс орнына Федералды тергеу қызметінің лаңкестікке қарсы бөлімшесінің мамандары жетті. Оқиға жайында Барак Обамаға баяндалып, телеарналар өздерінің бағдарламаларын уақытша доғарып, оқиға орнынан шұғыл жаңалықтар режімінде тікелей репортаждар бере бастады. «29 адам зардап шекті, оның ішінде біреуі ауыр жарақат алды», - деді Нью-Йорк полициясының жетекшісі Джеймс О'Нил. Ал Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо Манхэттендегі жарылыс «лаңкестік акті» болуы ықтимал екендігін айтты.

Сәл кейінірек жарылыс орын алған жерден бірнеше орамнан кейін екінші жарылғыш құрылғы табылып, залалсыздандырылды. БАҚ ақпараттарына қарағанда, екі бомба да қолдан жасалған әрі 2013 жылы Бостон марафоны кезінде іске қосылған жарылғыш заттармен бірдей. «Біз жалғыз немесе топтасқан адамдар болса да мұны кім жасағандығын міндетті түрде анықтап, жауапкершілікке тарататын боламыз», - деді Куомо

Нью-Йорктегі жарылыстан бірнеше сағат бұрын жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9-35-те Нью-Джерсиде де жарылғыш құрылғы іске қосылған болатын. Айта кетерлігі, бұл Нью-Йоркке тақау орналасқан шағын ғана штат. Келеңсіз жағдай бірнеше мыңдаған адам қатысуы тиіс 5 шақырымдық жарыс алдында орын алды. Жарылғыш зат адамдар жүгіріп өтуі тиіс жол жиегіндегі қоқыс жәшігіне қойылған. Абырой болғанда, 9,30-да басталуы тиіс марафон қатысушылардың тіркелуге кешеуілдеуіне байланысты сәл кейінге шегерілген. Сарапшылардың басым бөлігі дәл осы жайт зардап шеккендердің болмауына септігін тигізді деп санайды.

Келесі күні аталған штатқа қарасты Элизабет темір жол стансасынан 5 жарылғыш зат табылды. Оның бірі робот полицейдің  залалсыздандыруы кезінде іске қосылды.

Нью-Йорк пен Нью-Джерсидегі оқиғаларға байланысты бір тәуліктен кейін Ауғанстан тумасы  28 жастағы Ахмад Хан Рахами қолға түсті. Ол тұтқындау барысында екі полицияны жарақаттады деген де ақпарат бар. Жас жігіт Нью-Джерси қаласына қарасты Элизабет қаласында тұратындығы, оның отбасы қуырылған тауық етін дайындауға маманданған күні-түні жұмыс істейтін мейрамханаға иелік ететіндігі белгілі. 

Федералды тергеу бюросының мәліметтеріне қарағанда, Рахами бұған дейін құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген және жалғыз өзі әркет жасаған. Мұнан бөлек, оның қандай да бір лаңкестік ұйыммен байланысы жоқ.

«Эмми» сыйлығы 68-ші рет берілді

Нью-Йорк пен Нью-Джерси полиция қызметкері Ахмад Хан Рахамиді ұстаумен әуреленіп жүргенде Құрама Штаттардың шығыс жағалауындағы Лос-Анжделес қаласында «Эмми» телевизиялық сыйлығы 68-ші рет табысталды. Шараны тележүргізуші әрі актер Джимми Киммел жүргізді. «Тақтар ойыны» телевизиялық фэнтези-сагасы «үздік драмалық сериал» аталымында «Эмми сыйлығын алды».  Бұл сериалдың режиссері Мигель Сапочник де наградаға ие болды. Осылайша, аталған шығарма телесериалдар арасында «Эмми» сыйлығын алудан рекорд орнатып отыр. Бұл туындыға 38 сыйлық берілген.

Үздік комедиялық сериал жүлдесі екінші жыл қатарынан НВО телеарнасының вице-президентіне бұйырды. «Қылмыстың америкалық тарихы: Халық О.Джей Симпсонға қарсы» туындысы шағын сериалдар арасында үздік атанып,  бес «Эмми» сыйлығын иеленді. Танымал «Шерлок: Ұсқынсыз қалыңдық» телесериалының кезекті эпизоды 2016 жылдың үздік телевизиялық фильмі аталымындағы сыйлықты еншіледі. Ал үздік комедиялық актер аталымында екінші жыл қатарынан Джеффри Тэмбор жеңіске жетті.

Миграциялық дағдарыс жалғасуда

Сәрсенбі күні Жерорта теңізінен жайсыз хабар желдей есті. 400-ден 600-ге дейінгі аралықта адам мінген кеме Мысыр жағалауында суға кетті. Мысыр билігінің ақпаратына қарағанда, 165 адам құтқарылып, қаза тапқандардың саны 160-қа жетіп отыр. Ал қалғандары із-түссіз жоғалғандар санатында. Кемедегі жолаушылардың басым бөлігі мысырлықтар екендігі белгілі. Осы оқиғаға байланысты Мысыр прокуратурасы  Италия жағалауына адамдарды бірнеше мәрте заңсыз жіберген 4 контрабандашыны тұтқынға  алған. Аман қалған мигранттар кемеде құтқару күртешелерінің қосымша ақыға ғана  берілгендігін айтуда.

Айта кетерлігі, осы жылдың басынан бері Жерорта теңізінде Еуропаға жетуге тырысқан шамамен 3,2 мың босқын су түбіне кеткен. Мұндай мәліметтерді Халықаралық миграция жөніндегі ұйым жариялап отыр. Ал «Еуростат» деп аталатын еуропалық статистикалық қызмет деректеріне қарағанда, соңғы алты айдың өзінде Еуропаға келген босқындардың саны жарты миллионнан асып жығылған.

Қазіргі уақытта Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілетті органдарының қарауында бассауға мен халықаралық қамқорлық сұрағандардың атынан шамамен 1,1 млн. өтініш жатыр. Оның 571,5 мыңы немесе 52 пайызы Германияға жолданған.

Дәл осы жағдайлардың аясында елдегі иммиграция мен исламдандыруға түбегейлі қарсы болып отырған «Германия үшін балама» партиясы Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағы деп аталатын билік партиясын біршама ығыстыра түсті. Жексенбі күні ХДО кезекті өңірлік сайлауда қарсыластарына есе жіберіп алды. Нақты айтқанда, «Германия үшін балама» партиясы 11,5 пайыз дауысқа иелік етті. Ендігі уақытта олар 16 жер парламентіндегі өздерінің 10 өкіліне ие. Ал бұл құрылғанына небәрі 3 жыл болған партия үшін тамаша жетістік екендігі анық.

Сайлау қорытындысына байланысты Ангела Меркель партиясының жеңіліске ұшырау жауапкершілігін өз мойнына алды. Жалпы, ол Германия үкіметінің босқындардың легіне бақылауды жүзеге асыруда қателікке бой алдырғанын алғаш рет мойындап отыр.

Соңғы жаңалықтар