Алдағы жылы «Жайық қалашығы» аспан астындағы музейін ашу көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында алдағы жылы «Жайық қалашығы» аспан астындағы музейін ашу көзделуде. Бұл туралы «Жомарт жүрек-2017» меценаттар форумында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласынан он екі шақырым қашықтықта орналасқан «Жайық қалашығы» - Қазақстанның 100 киелі орындарының қатарына облыстан енген алты нысанның бірі. Алтын орда дәуіріндегі, ХІІІ-ХІV ғасырларға жататындығы дәлелденген қаланың орнында енді меценаттардың демеушілігімен аспан астындағы музей орнамақ. Мұнда музеймен қатар павильондар салынады. 2018 жылы жүзеге асырылуы көзделіп отырған екінші ірі жоба - «Атамекен» этномемориалдық кешені. Шаған өзенінің оң жағалауында 2 гектардай жерде Қазақстанның картасы, 14  облыс пен Астана, Алматы қалаларындағы киелі орындар шағын сәулеттік мүсіндер арқылы көрініс таппақ. Үшінші жоба - мүгедек балалар үшін күндіз болуға арналған әлеуметтік үй.

null 

Жобалардың жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл да біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы, Оралда кәсіпкер Александр Аитов 178 млн теңгеге дене шынықтыру-спорт кешенін іске қосты. Мұнда күн сайын 100-120 адам келеді, олардың арасында балалар, жас спортшылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Қазталов ауданында кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев 10 млн жуық теңгеге туған жері Сарықұдық ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктті салып, барлық керекті жабдықтарын алып берді.

null 

Келесі аптада Тәуелсіздік күніне орай кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиевтің қолдауымен Оралда «Рухани жаңғыру» музейі ашылмақ. Кәсіпкер тарихи ғимаратты 20 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп берді. Мұндай мысалдар аз емес.

Тұтастай алғанда, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста әр салада жалпы құны 2,5 млрд теңгеге 62 жоба жүзеге асырылды.

null 

Форум барысында өңірдің дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып, қайырымдылық істерімен көзге түсіп жүрген меценаттар марапатталды. Олардың арасында «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов, «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Алматыда тұратын Құндыз Нұпов, «Юнисерв» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев, «Жайық ет» ЖШС директоры Темірғали Ескендіров және басқалар бар. Ал «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атанған атақты альпинист, әлемдегі барлық 14 сегіз мың метрлік шыңды бағындырған Мақсот Жұмаевқа төсбелгісі мен куәлік табыс етілді.

null 

Жиында ҚР Парламенті Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы, Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Бірғаным Әйтімова Елбасының бастауымен Қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналғандығын, соның ішінде Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан Ақ Жайықтың орны ерекше екендігін, кейінгі жас ұрпақ та туған жер мен елге деген борышын ұмытпай, жақсылық жасаудан жалықпау қажеттігін жеткізді. 

null 

Соңғы жаңалықтар