Алдағы екі жылда Ақтөбенің 12 ауылына газ құбыры тартылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы тұрғындарының 88 пайызы көгілдір отын пайдаланады. Алдағы екі жылда тағы 12 ауылға газ құбыры тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының барлық аудан орталығы газбен қамтамасыз етілді. Енді ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Біздің басты міндетіміз - халықты коммуналдық қызметтермен уақытында қамтамасыз ету. Облыс орталығының халқымен кездесу кезінде қалалықтардың дені су мен жарықтың уақытылы берілуі мен сапасына шағымданады. Тиісті мекемелер осыған назар аударып, өз жұмыстарындағы кемшіліктерді жою шараларын қабылдауы шарт. Халықтың шағымына дер кезінде жауап беруі тиіс»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әкімдікте өткен жиын кезінде.

Жоспар бойынша 2018-2019 жылдар аралығында құбыр тарту жұмыстарына 6,75 миллиард теңге жұмсалады. Барлығы 19 газбен жабдықтау жобасы іске асырылуы тиіс. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жылда 12 ауылға газ жеткізеді. Сол уақытта барлығы 8 мың тұрғын қатты отынды ұмытып, газ жаға алады.

Ал «Нұрлы жол» және «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламалары шеңберінде  сумен жабдықтау желілерінің тозуы 3% төмендеді.  Халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші де артты. Өткен жылы 972 шақырымнан астам электр тарату желілері жөнделді.

Жиын барысында тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысының артуы мен жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты электр желілерін тарту жобасын әзірлеу тапсырылды.  

Соңғы жаңалықтар