«Алатау» АЭА мен Инновациялық технологиялар паркі өзге меморгандарға берілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің шешімімен екі Арнайы экономикалық аймақ өзге мемлекеттік органдарға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан халқына арналған Жолдауында Алматы қаласындағы «Алатау инновациялық технологиялар паркі» АЭА дамыту мәселелерін қайта қарауды тапсырған еді.

«Алатау ИТП идеясы мен құрылысы 2003 жылы басталған. Арада өткен 15 жылда өмірімізде көп нәрсе өзгерді. Қазір цифрландыру өмірдің барлық салаларына еніп келеді, қалалардың өзі қарқынды өсу көзіне айналды. Сондықтан, мұндай қайта құрулардың қажеттілігі өте өзекті болып отыр», - деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Үкімет тиісті талдау жұмыстарын жүргізіп, инновациялық кәсіпорындар үшін жеңілдетілген режімде жұмыс істейтін экономикалық аймақты  Алматы қаласының әкімдігіне беруді ұйғарған.

Сондай-ақ, вице-министр АЭА басқарушы компаниясы - «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне берілетінін мәлімдеді.

«Инновациялық технологиялар паркі (ИТП) жобаларының 80 проценті экономиканы цифрландыру мен цифрлы экспортқа байланысты. Оның үстіне, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі үйлестіруші органы болып отыр. Сондай-ақ, «ИТП» дербес кластерлік қоры заңнамада бекітілген жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлетін қаржының 1 процентін пайдалануды жалғастырады», - деп өз сөзін толықтырды вице-министр.

9 ақпан күні Президент Назарбаев еліміздегі барлық арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмыстарына тексеру жүргізуді тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар