Алаш қайраткерлері қазақтың ел басқару дәстүрін қалпына келтіру үшін күресті - Есқайрат Хайдаров

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жуырда Алашорда үкіметі мен Алаш партиясының 100 жылдығына орай Жымпиты-Семей бағытында ұйымдастырылған «Алаш жолымен...» тарихи-танымдық экспедициясы қайтып оралған болатын. Бүгін осы экспедициясының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров аталмыш сапар барысы туралы толығырақ әңгімелеп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

null

Оның айтуынша, құрамында тарихшы, музей қызметкері, қоғамдық ұйым өкілі, журналист, мектеп мұғалімі мен оқушы бар экспедицияның мақсаты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық салт-сана, білім мен мә­де­ниет, отандық тарих сала­сы те­рең­дей қамтылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген игі бастамалармен, бағдарламалармен тікелей байланысты.

null 

-Сапар барысында Алаш арыстарының ізі қалған тарихи жерлерді аралап, бір кездері Алаш Орда қайраткерлері тұрған, қызмет еткен көне ғимараттарды, қолдары тиген жәдігерлерді көріп, үлкен әсер алдық, - деді Есқайрат Хайдаров. Алаш қозғалысы тарихын зерттеп жүрген тарихшы-ғалымдармен, мәдени мұраларымызды сақтаушы, насихаттаушы музей, архив, кітапхана қызметкерлерімен, журналистермен кездесіп, өткен ғасырдың басында ел тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтері, ғибратты ғұмырлары хақында пікір алмастық. Осындай салмақты басқосулар аясында Алаш мәселесіне қатысты болашақта жарық көретін ғылыми мақалаларымызға, кітапқа, тарих сабақтарына арқау болар мол деректер де жинастырып қайттық. Музей қызметкерлері үшін де өзара тәжірибе алмасу болды. Бұл тұрғыдан қарағанда Батыс Алашорданың орталығы болған Жымпитыдан шыққан экспедиция жұмысы сәтті әрі нәтижелі болды деп есептейміз.

null 

Алаш қозғалысы қазақ халқының біртұтас ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бір бөлігі әрі заңды жалғасы болып табылады.  ХVIII-XIX ғасырларда отарлық езгіге қарсы Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтерілістердің тарихта болғаны белгілі. Бабаларымыз сол кезеңде атқа қонып, елімізді, жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаса, ал ХХ ғасырдың басында қазақтың қамын ойлаған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Аймет Байтұрсынов, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақпаев, Халел Ғаббасов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев, Жанша және Халел Досмұхамедовтар сынды ұлт зиялылары саяси күрес жолын таңдады. Бұл уақытта оқыған көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялыларының шоғыры қалыптасқан еді. 1917 жылғыАқпан революциясының нәтижесінде Алаш қозғалысы кең өріс алды. Себебі қазақ қоғамында бұрын-соңды болып көрмеген ұлт зиялыларының, қазақ жастарының идеялық тұрғыда ұйымдасуы және қоғамдық-саяси істерге белсене араласуы биік деңгейге көтерілді. Қазақ зиялылары сол аумалы-төкпелі уақытта әрбір аймақта облыстық съездерді ұйымдастыруға, қазақ комитеттерін құруға, земстволық басқаруға, құрылтай жиналысына сайлауға, Орынбор қаласында І және ІІ жалпы қазақ съездерін өткізуге араласты. 1917 жылғы елдегі демократиялық жаңғырулардың барысында Алашорда үкіметінің және  Алаш партиясының құрылуына негіз жасалды. Сөйтіп, оңтайлы сәтті тиімді пайдалана білген Алаш қайраткерлері қазақ халқының болашағы жолында саяси күрес додасына түсті.

null 

Елдің батыс бөлігінде де тарихи оқиғалар болып жатты. 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында 800 делегат қатынасқан Орал қазақтарының облыстық І съезі болып өтті. Съезге Ж.Досмұхамедов төрағалық етсе, оның орынбасары болып Ғ.Әлібеков пен А.Қалменов, хатшылары болып Ғ.Жетпісбаев, Х.Ахметшин және С.Арғыншиев сайланды. Съезде жер тағдыры, ел басқару ісі, оқу-ағарту, мәдениет және шаруашылық-қаржылық мәселелер талқыланды. Жанша және Халел Досмұхамедовтердің бастамасымен 1918 жылы 18 ақпанда Қаратөбе съезі өтті. Онда Алашорданың батыс бөлімін және қарулы күштерін құру үшін дайындық жұмыстарын қолға алу бағытында шешім қабылданды.  1918 жылы 18-21 мамырда  Жымпитыда Орал өңірі қазақтарының ІV съезі өтті. Съезде ең өткір деген 20 шақты мәселе қаралып, нәтижесінде Ойыл уәлаяты уақытша үкіметін құруға ұйғарым жасалды. Орталығы Жымпиты болды. Үкіметтің құрамына 7 адам кірген, төрағасы Жанша Досмұхамедов, орынбасары Халел Досмұхамедов, мүшелері Дәулетшах Күсепқалиев, Салық Омаров, Жанғожа Мергенов, Сағидолла Изтелеуов, Иса Көпжасаров. Ойыл уәлаяты үкіметі елдегі басқа да саяси күштермен мәмілеге келуге тырысты. Ә.Бөкейханов, Жанша және Халел Досмұхамедовтер бастаған Алашорда мүшелері 1918 жылы 11 қыркүйекте Уфа қаласында өткен жиылыста Ойыл уәлаятын таратып, Алашорданың батыс бөлімін құру туралы құжатқа қол қояды. Алашорданың батыс бөлімінің әкімшілік-аумақтық құрылымына бұрынғы Ойыл уәлаяты жеріне қоса Бөкей Ордасының, Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерінің және Закаспий облысының Маңғыстау уезінің аумағы кірді. Мақсат соғыс жағдайында елдің іргесін сөкпей, халықты жан-жаққа бытыратпай басқару еді. Егемендікті сақтауды көздеген Алашорданың батыс бөлімінің мемлекеттік басқару құрылымы, миллициясы, әскері, қаржы жүйесі болды. Алашорда қайраткерлері қазақтың ел басқару дәстүрін қайта қалпына келтіру үшін аянбай күресті. Алайда азамат соғысындағы күштердің ара салмағы шешуші түрде Қызыл Армия жағына ауысқан кезде 1919 жылғы желтоқсанда Алашорданың Батыс бөлімшесі Кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды

null 

«Алаш жолымен» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедицияның алғашқы аялдаған жері - тарихи кезеңде съезд өткен Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылы (БҚО). Съезд өткен ескерткіштің жанында аудан басшылығының, ардагерлердің, зиялы қауым өкілдерінің және оқушы жастардың қатынасуымен тағылымды-мәдени шара өтті. Жыр дүлдүлдері Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтың елі Қаратөбе  - қойнауы тарихқа толы өлке. Біз бағыт алған келесі мекен - Алашорданың батыс бөлімінің тарихына тікелей қатысты бар Ақтөбе облысының Ойыл ауданы.  Алаш арыстарының ізі қалған Ойыл халқы атақты тары өсіруден рекордшы Шығанақ Берсиевтің есімін де мақтан тұтады екен. Біздер бірінші кезекте Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейімен танысып, Ойыл өңірінің тарихына куә болдық.  Өлке тарихын зерделеп, тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтауда музей директоры Балқия Рысбаеваның еңбегі зор. 1867 жылы көктемде ашылған Көкжар жәрмеңкесінің Ойыл аймағында алатын орны ерекше болған. Биыл Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл толады. Жәрмеңкенің сауда орындары, сол маңдағы көне мешіт ашық аспан астындағы музей қызметін атқарып тұр. Ойылда болғанымызда, Батыс Алашорданың белді мүшелері Халел Досмұхамедов қызмет еткен аурухана корпусын және Ахмет Мәметов шығарған «Еркін қазақ» газеті баспаханасының орны болған үйді көрдік. Осылайша Батыс Алашорда тарихына, Алаш тұлғаларының ғибратты өмірлеріне қатысты деректерге қанығып, рухтана түстік.

null 

Сапарымыз Ақтөбе қаласында өз жалғасын тауып, бірінші өнер музейін араладық. Осы музейде ғылыми қызметкер Бекарыстан Мырзабаймен жүздесіп, пікірлестік. Ол кісі Алаш қозғалысына арналған кітаптармен таныстырып, Мұстафа Шоқайдың Ақтөбе қаласына келген сапары жайлы мәліметтерді айтып берді. Мұстафа Шоқай зайыбы Мариямен бірге Ақтөбедегі қыздар гимназиясының ғимаратына 10 күндей тоқтапты. Шоқай кейін Темір ауданына аялдаған. Бұл біз үшін тың дерек болды. Өнер музейінен кейін Әлия музейінде батыр апамыздың өмірі мен ерлігін баяндайтын экспонаттарға тәнті болдық. Өндірісі дамыған Ақтөбе қаласы өзінің әсем ғимараттарымен де ерекшеленеді. Экспедициямыздың жоспарына сәйкес Ақтөбеден поезбен шығып, елордамыз - Астана қаласына бағыт алдық. Онда Сәкен Сейфуллиннің музейінде болып, өмір жолынан сыр шертетін құжаттармен, фотосуреттермен, жеке өзі тұтынған бұйымдарымен таныстық. Сол кезеңдегі тарихи оқиғалардың куәгері Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында Алашорда тарихына, Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтеріне, саяси көзқарастарына қатысты мол мағлұмат келтіреді. Алаш қозғалысы тарихын зерттеуде тарихшылар үшін бұл еңбек құнды дерек көзі болып табылады. Астанадағы сапарымыз 18 мамыр күнгі музей түні шарасымен сәйкес келді. Соған орай Ұлттық музейге бару мүмкіндігі бұйырды. Ұлттық музейде қазақ халқының біртұтас тарихы көрініс тапқан. «Тарих залында» Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерінің өміріне қатысты деректердің де дәріптеле берілгеніне куә болдық. Әсіресе, Батыс Алашорданың жетекшілері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовке қатысты мәліметтердің бары қуантады. Алашорда мүшелерінің қоғамдық-саяси қызметіне қатысты фотосуреттер, заттай деректер  - түсінген адам үшін тұнып тұрған тарих. Ұлттық музейді қазақ халқының сан ғасырлық тарихын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, шетелдік қонақтарға кеңінен таныстыратын материалдық және рухани құндылықтарымыздың алтын ордасы, асыл қазынасы деп білеміз. Астанада болған екінші күнімізде саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне барып, сол зұлматты жылдардың ауыртпалығын бейнелейтін көріністерді көзімізбен көріп қайттық. 

null 

«Алаш жолымен» атты тарихи-танымдық экспедициясының соңғы нүктесі Семей қаласына 20 мамырда жеттік. Алашорданың орталығы болған Семей тарихқа бай қала екен. Оған көне тарихи ғимараттары, музейлері, қасиетті жерлері дәлел. Алғашқы кездесуіміз Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада өтті. 1883 жылы негізі қаланған кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатарында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев та болған.  Кітапхана қызметкерлері Абай мұрасына арналған залмен, сирек кездесетін кітаптар қорымен таныстырды. Сол кітапханада Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш идеясы - Тәуелсіздік жолы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева жүргізген дөңгелек үстел отырысына Семей өңірінің тарихшы ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің М.Қозыбаев атындағы тарих және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрімов, Шығыс Қазақстан облысының Алаштану орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Тұрдығұл Шаңбай, алаштанушы, журналист, тарихшы Мұрат Кенемолдин және т.б. қатынасып, Алашорданың шығыс және батыс бөлімшелері арасындағы өзара байланыс, ұлт-зиялыларының саяси қызметі хақында пікір алмастық. Мұхтарбек Кәрімовтің сөзіне қарағанда, Батыс Алашорданың мүшесі, дәрігер Дәулетшах Күсепқалиев Семей жерінде жұмыс жасаған. Сол жақта қайтыс болған, бірақ жерленген жері белгісіз. Дәулетшах Күсепқалиевтың шөбересі Жанна Жағыпарқызы Жибраева Семей қаласында тұрады. Болашақта Дәулетшах Күсепқалиевқа қатысты деректерді нақтылау барысында ұрпақтарымен байланыс жасаймыз деп ойлаймын.  Шығармашылық қарым-қатынас орнату мақсатында Семейдің ғылыми-зерттеу орталықтарына, ғылыми жинақтарына және «Абай» журналына мақалаларымызды жіберіп тұрамыз деп келістік. Түс ауа Жидебайға Абайдың жеріне аттанып кеттік. Жидебайдың жолындағы жер атаулары, шоқылар Абай жолын еске салып, ерекше әсер сыйлайды. Абай мен Шәкірімнің кесенелеріне дұға етіп, Абай Құнанбайұлының мұражай-үйін араладық. Абайдың Алаш қозғалысына қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Рухани бастаушысы да болған секілді. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың мақалаларынан басталды деуге болады. Алаш көсемдерінің өзі Абайды пір тұтты, рухани ұстаз санады. Ал Абайдың ұрпақтары Ақылбай және Тұрағұл Абайұлдары Алаш партиясына қолдау білдірді. 1917 жылы Алаш партиясы құрылған уақытта Тұрағұл Абайұлы Семей облыстық комитетінің мүшесі болды. 1917 жылы Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовтар Семейде «Жанар», «Оқытушылар ұйымы» сияқты жастар ұйымдардың ашылуына ықпал етсе, Шыңғыс болысында Абайдың ұрпақтары «Талап» ұйымын құрды. Семейде болған сапарымыздың екінші күнінде Алаш арыстары және Мұхтар Әуезов музейінде болып, Алашорданың тарихымен, Семей өңіріндегі зиялы топтың саяси қызметін айғақтайтын құжаттармен, фотосуреттермен, тарихи жәдігерлермен таныстық. Хакім Абай кезінде осы музей болған үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабековке сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде, осында арнайы түсетін болған. Азаматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабековтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар кейін мұнда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов те тұрған. Алаш арыстарының қонысына айналған үйдің тарихы осындай болып келеді. Облыстық өлкетану мұражайын аралағаннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжіне бардық. Онда біздерді колледж директоры, Алаш мұрасының жанашыры  Шағангүл Жанаева қарсылап алды. 1903 жылы ашылған мұғалімдер семинариясында М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Қ.Нұрмұхаметов, Б.Сәрсенов т.б. ұлт зиялылары білім алып, ағартушылық, қайраткерлік, жазушылық, ғалымдық жолындағы алғашқы қадамдарын бастады. Колледжде Манан Тұрғанбеков, Биахмет Сәрсенов, Қазы Нұрмұхаметов сияқты Алаш қайраткерлерінің атында арнайы дәрісханалар ашылған. Колледждің табалдырығынан бастап тұнып тұрған тарих екен. Колледж студенттері Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің рухына арналған әдеби-сазды шара өткізді. Студент жастардың бойынан Мағжан Жұмабаев жырлағандай, өрлікті, қайсарлықты байқадық. Алаш рухымен өскен осындай жастардың болашағы зор деп есептейміз.

null 

«Сөйтіп, «Алаш жолымен» атты Жымпиты жерінен шыққан экспедиция жұмысы Семейде тәмәмдалды. Қайтар жолда Астана қаласында Бүркіт Аяған басқаратын Мемлекет тарихы институты ғалымдарымен кездесу өткізіп, экспедиция жұмысын баяндадық.  Алаш мұрасын зерделеуге, насихаттауға арналған «Алаш жолымен» атты Жымпиты-Семей бағытындағы тарихи-танымдық экспедиция сәтті аяқталды, болашақта оның қорытындыларын, нәтижелерін көпшілікке жариялайтын боламыз», деп түйіндеді ойын Е.Хайдаров.

null null null null null null null null null null null null null null null null null 

Соңғы жаңалықтар