Алаш қайраткерлері арқау болған кітап жарық көрді

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Алаш жолы» атты кітабы жарық көрді.

Бұл туындыда автор Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынған. Кітап ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы  өзара  логикалық  байланысты ұтымды баяндауымен бағалы.
null  

Сондай-ақ Алаш қозғалысының эволюциялық даму үрдісі мен оның бүгінгі күнге берер тағылымы таразыланған. Және де «Алаш қайраткерлері кімдер?» деген сұраққа жауап табарыңыз да анық. Атап айтқанда, Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтардан бастап,  сол кезде енді ғана ақыл тоқтатқан жас толқын ізбасарлары да қамтылған.

  Автор Алаш тақырыбын жіті саралауға тырысқан. Зерттеудің бір тұсында: «Бұған қоса Алаш қозғалысының нәтижесінде пайда болған  I Жалпықазақ сьезін Мұстафа Шоқай «ұлы түркі халықтарының мызғымас бірлігін көрсететін сахынаға айналды»  деп баға береді» дейтіні бар. Халық қамы мен ел бірлігі үшін, әділеттілік пен жасампаздық үшін арпалысқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатовтардай жайсаңдарымыздың көздеген мақсат-мұраттары да, идеялары да іштей астасып жатқандығын көрсетеді. Күллі қазақтың, барша түркі әлемінің тұтастығын армандаған Мұстафа Шоқай қалай дегенде де өз замандастарымен қанаттас еді.
null 

Төрт тараудан тұратын еңбектің «Алаш қозғалысы hәм Алаш идеясы» деп аталатын бірінші тарауында тақырып ғылыми-публицистикалық тұрғыдан талданады. Ондағы  «Қазақтың саяси пікірінің тарихы -қазақ жастарының тарихы...» деп аталатын бірінші бөлімінде Алаш қозғалысы тарихи тұрғыдан таразыланса, «Алаш идеясы: Қандай идея?» деп аталатын екінші бөлімде Алаш идеясы философиялық тұрғыдан зерделенеді. Ал «Алаш орда» Үкіметінің мүшелері, Алаш арыстары, Алашшыл жастар атты екінші тарауда Алаш қайраткерлерінің өмірбаянына жеке-жеке тоқталады. «Алашқа қызмет» атты үшінші тарауда автор тақырыпқа сай Алаш мәселесінде атқарған нақты істерінен хабар беретін жобаларды, құжаттарды, хаттарды т.б. топтастырған. Және де «Ұлтым деп соққан жүректер» деп аталатын соңғы тарауда автор кешегі Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары іспетті бүгінгі ұлт ісіне бей-жай қарай алмайтын ағалары туралы мақалаларын ұсынған.

Бұл еңбектен Алаш қозғалысын, Алаш орда үкіметінің қызметін білсем, зерделесем, тоқысам, үйренсем деген көзіқарақтыға, әсіресе жастарға алар ғибрат жетіп артылады. 

  Кiтап Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясына 100 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Мың дана таралыммен жарық көрген туынды Алаш қайраткерлерінің суреттерімен безендірілген. Еңбек Алаш идеясына қызығушылық танытқан барша оқырманға, жастарға, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. 

Соңғы жаңалықтар