Алаш әскері туралы екі кітапты ЖОО оқу бағдарламасына енгізу ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі тарихшы Берік Әбдіғалидің «Алашорданың әскери құрылымы» мен «Воиско Алаш» кітабын еліміздегі әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада бүгін «Алашорданың әскери құрылымы» кітабын таныстырған Берік Әбдіғали «Алаш әскері: Тарихтан тағылым» тақырыбында дәріс оқыды. Тың туындылар туралы ойларымен бөліскен халық қалаулылары мен профессорлар бірнеше ұсынысын айтты.

«Бұл туынды өте орынды болды. Шынында да, Алаш туралы кітаптар мен деректер көптеп шығып жатты. Бірақ, Алаш тақырыбына келгенде әскери құрылымды туындыны бұрыннан бері аңсап жүр едік. Бұл үлкен жұмыс. Бізді кезінде Ресейдегі «Белый фонд» архивіне жібермейтін. Бірінші кандидаттық еңбегімнің тақырыбы «Национальный вопрос Советской армий в странах СНГ» болған. Сонда 1987-1988 жылы Мәскеудегі архивтерде жұмыс істегенде тақырыбымды көргендер «Сен, полковник, не істеп жүрсің? Егер осы жұмысты ары қарай жалғастыра берсеңіз, біз сізді жұмыстан шығарамыз» деген. Сондай да кезең өтті. Бізге ақиқат керек болды. Тәуелсіздіктің арқасында шындықты таптық», - дейді мәжілісмен, генерал- лейтенант Абай Тасболатов.

Мәжілісмен өз сөзінде «Алашорданың әскери құрылымы» кітабын бірнеше рет оқып, таң қалғанын жасырмады.

«Ата-бабаларымыздың қаншасы ел тағдыры үшін өмірден өтті. Мен мына кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Шынында да, мұндай деректер бұрын болмаған. Сарбаздардың тегіне дейін жазылған.  Жұмылдыру жоспары туралы кітапта қаншалықты керемет деректер бар. Жастарға бұл туындыны жеткізу керек. Қарулы Күштеріміздің офицерлеріне осы туындыны көрсету керек. Бүкілқазақ съезінде армияны қалай құру керектігі туралы бүге-шүгесіне дейін талқыланған. Әскерді, атты қайдан алу керектігі, қабылдау комиссиясының жұмысының тәртібі, тіпті керек десең медициналық тексеруден өтуге дейін жазулы тұр. Сол кездегі Алаш әскерінің ережесінде «бір отбасыдағы жалғыз ұлдың» әскерден босатылатыны жазылған», - дейді мәжілісмен.

Генерал-лейтенант кеңестік кезеңде қазақтан офицерлер аз болғанын, Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кадрлар көптеп дайындалғанын айтты. Абай Тасболатов сонымен бірге Берік Әбдіғалидің кітабының 500 тиражбен шыққанын естіп, туындыны көбірек шығару керектігін айтты.

Мәжіліс депутатының бастамасын профессор Жәкен Таймағамбетов та қолдап әкетті.

«Біздің кезімізде Қазақстан тарихы тек 1916 жылдан басталатын. Амангелді Имановтың көтерілісінен ары ештеңе білмейтін едік. Осыған дейін де Берік Әбдіғалидің «Воиско Алаш» деген кітабы шықты. Осы екі кітапты жеке арнайы курс ретінде ЖОО-ларға енгізу керек. Әсіресе, әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарына енгізген абзал», - деп ұсынысын білдірді Жәкен Таймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар