Алан Бөрібаевтың өнеріне тәнті болған Голливуд жұлдызы дирижердің рөлін сомдауға уәде берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - XIII халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне қатысу үшін Астанаға келген Голливуд жұлдызы Эдриан Броуди қазақстандық музыканттардың өнеріне тәнті болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Маған Қазақстанды өте сұлу адамдардың мекені деп айтқан болатын. Өнерді жоғары бағалайтын, өнер адамдарын ерекше құрмет тұтатын халық деп сипаттады және оған өзімнің де көзім жетті. Кеше мәртебелі министр Астана Операға концертке шақырды, онда Густав Маллердің сегізінші симфониясын тыңдадық. Алан Бөрібаевтың дирижерлігімен 1 200 музыкант орындаған бұл туындының ғажаптығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұндай кереметті еш жерден көрген емеспін. Алан Бөрібаевтың шабыт сыйлағаны соншалықты, болашақта дирижердің рөлін сомдаймын деп өз-өзіме серт бердім», - дейді актер.

Аңызға айналған актер XIII халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне қатысу үшін Астанаға кеше ұшып келді. Келісімен ЭКСПО, Астана Опера, Этноауыл сынды Астананың көз тартар орындарына тамашалады.

«Астанаға алғаш келіп отырған жоқпын. Алайда, әр сапарым сайын бұл қала жаңа ғимараттарымен және ерекше орындарымен таң қалдырудан жалықпайды. Бір күнде ЭКСПО, Астана Опера, Этноауылды аралап шықтым, мұндай қызықты бағдарлама боларын күтпедім», - деп ағынан жарылды актер.

Айта кетерлігі, 22-28 шілде күндері Астанада «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Оған Николас Кейдж, Эндриен Броуди, Джон Малкович сынды әлемге танымал жұлдыздар арнайы келді. Атақты актерлер өнер университетінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізетін болады.

Фестиваль кезінде соңғы бір жылда экранға шыққан фильмдер көрсетіледі. Олардың ішінде қысқа және толық метражды картиналар, авторлық және жанрлық кино бар. Бұдан бөлек, «Бес құрлық» атты балалар фильмдерінің конкурсы ұйымдастырылады. Ал Орталық Азия мен түркі тілдес елдер кинематография саласындағы «Тұлпар» ұлттық сыйлығы үшін бақ сынасады.

«XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында алғаш рет Eurasia Film Market ұйымдастырылады. Оған фильмдер нарығында жүрген сатушылар мен сатып алушылар қатысады.

Соңғы жаңалықтар