Альберт Рау неміс қоғамының төрағасы болып сайланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан немістерінің Жалпыұлттық конференциясы болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Конференцияның құрметті қонағы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, Германияның қоныстанушылар мен ұлттық азшылығының Федералды үкіметінің уәкілі Хартмут Коши, Қазақстан Республикасындағы ГФР елшісі Рольф Мафаэль қатысты.

Жалпыұлттық конференцияның қатысушылары неміс бірлестігінің 2021 жылға дейінгі даму бағытын талқылады. Басқосуда неміс қоғамдық бірлестігін күшейту және оны қазақстандық әлеуметпен интеграциялау мәселелері айтылды, жастардың өз тілін ұмытуы турасындағы өзекті сұрақ қаралды. Сондай-ақ,  Қор жұмысындағы мәдени бірегейлік пен тілді сақтау, қоғамдық өмірге немістерді, ел ішіндегі және Қазақстаннан шыққан кәсіпкерлерді көптеп тарту жұмысы талқыға салынды.

Конференцияға 14 облыстан 197 делегат қатысты.

Шара аясында «Возрождение» Қазақстандағы неміс қоғамы» қоғамдық қорының жетекші органының төрағасы болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау сайланды.

Конференция аясында делегаттар мен меймандарға «Қазақстанның белгілі немістері» циклындағы әдеби сыншы әрі аудармашы Герольд Бельгерге арналған бірінші кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа туындыны оның авторы Владимир Ауман таныстырды.

Конференцияның қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруді қолдау тұрғысында Мемлекет басшысына үндеу қабылданды.

Бүгінгі таңда республикада 180 мыңға жуық неміс тұрады. Қазақстан халқының ажырамас бір бөлігі бола отырып, немістер Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бастамаларының жүзеге асырылуына өз үлестерін қосып келеді.

Соңғы жаңалықтар