Ақжайықта «Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!» атты ақындар айтысы өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің 85 жылдығына арналған Чапаев ауылында «Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!» атты облыстық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

null null
Белгілі айтыскер ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген сайысқа алды республикалық додада бәйге алып жүрген барлығы 12 үміткер қатысты.

Ел тәуелсіздігін баянды ету - бабалар алдындағы қасиетті борышымыз, келешек алдындағы зор жауапкершілігіміз. Азаттығымыздың ширек ғасырында ғасырға белгісіз жолдың жондарымен жүріп өтіп, толағай табыстарға тұяқ іліктірдік. Енді осыны алға қарай апаруда халқымыз жастарға зор сенім жүктейді. Міне, осыны сахнадан соңғы жылдары айтыстағы ерен табыстарымен жалпақ елге таныла бастаған сырымдық Бауыржан Ширмединұлы жақсы жеткізе білді.

Жаңақалалық Орынбек Меңдіқұловпен жұп болған ол көпшілікті алаңдататын мәселелерді де тегеурінді жырға қосты. Мысалы, ақпарат тасқындаған заманда оны сауатты пайдалана білмейтіндер аз емесі мәлім. Бұл жастар тәрбиесіне ойсыраған олқылық әкелуде. Осыны Бауыржан «...Смартфон сипағандар ілесе алмай, қаламмен жазылғандар мәңгі қалар» деп, бір қаперге салып өтті. Сондай-ақ жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов, Оралдан Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев арасындағы айтыстардың да елең еткізер тұстары аз болған жоқ.

Қазылар алқасының шешімімен ақындар арасынан Орынбек Меңдіқұлов пен Бекболат Қаленов және Бауыржан Ширмединұлы мен Мұрадым Мирланов арасында соңғы жекпе-жектер өткізілді.

null

Айтыс қорытындысында Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы жеңімпаз атанса, Мұрадым Мирланов екінші, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов үшінші орынды иеленді. Оларға өңірдегі екі облыстық, 12 аудандық газеттің басын қосып отырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның сыйлықтары табыс етілді. Көпшілікті сүйсінтіп, бір желпінтіп тастаған осынау өнер додасында Тайпақ мектеп-гимназиясының қызметкері Гүлзада Бақытованың айтыстағы тұсауы кесілді.
«Жайық таңы» газетінің бас редакторы Болат Есқалиевтің айтуынша, басылымның 60, 70, 75 және 80 жылдықтарында да осындай айтыс ұйымдастырылып, көптеген жас ақынға үлкен сахнаға жолдама берген еді. Жақсы үрдіс биыл да жалғасын тапты.

Газет ұжымын мерейтойымен аудан әкімі Әділ Жоламанов, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Мейрамбек Рахматуллин, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Темір Құсайын және басқалар құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, аудандық газет алғаш 1931 жылы 7 қыркүйекте «Ленинский путь» деген атаумен шықты. Әр жылдары түрліше атаумен жарық көрген басылым осынау уақыт ішінде сан белестен, қилы асулардан өтті. 1998 жылдан бері «Жайық таңы» аталып, таралымы көбейген газет шын мәнісінде аудан айнасына айналып, тәуелсіздік жылнамасын жаңа парақтармен толықтырып келеді. Қазіргі таңда «Жайық таңы» - өңірдегі өзіндік бет-бейнесі, айшықты қолтаңбасы бар алдыңғы қатардағы басылымдардың бірі. 

null  

Соңғы жаңалықтар