Ақжайықта ақын Сағынғали Сейітовтің мүсіні ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар барысында оның мүсіні ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық кітапхана алаңында орнатылған, жалпы биіктігі 1,9 метр мүсіннің авторы - оралдық Дмитрий Баймұқашев.

null

«Бар өмірін әдебиетке арнаған қаламгердің жұрт жүрегінде қалғандығының бір дәлелі осы. Сағынғалидай орны ерек тұлғаны ұлықтау шаралары Алматы, Астанада өтіп жатқанымен, кіндік қаны тамған жердегі құрметтің жөні бөлек. Бұл мүсін қазақтың рухына қойылған ескерткіш десе де болады. Сол үшін Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығымызды білдіреміз», деді шараға Алматыдан арнайы келген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай.

null

«Әкеміз қайтып келгендей, ерекше толқып тұрмын. Рухани жаңғыру, қайта түлеу деген, міне, осы», деді Дидар Сағынғалиқызы ескерткіш жамылғысын ақын Ақұштап Бақтыгереевамен бірге ашып тұрып.

Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралармен «Цифрлы Қазақстан: кітапхана дамуына жаңа серпін» атты аймақтық форум тұспа-тұс келіп, оған Қазақстанның батыс өңірінен кітапханашылар қатысты.

null

«Кітапханашылар форумының ақындар мекені - Ақжайықта өтуі тегін емес. Қылышынан қан тамған тоталитаризмнен қаймықпаған Жұбан Молдағалиев пен сырлы да сұлу жырдың иесі Сағынғали Сейітовтің мол мұрасын жас ұрпаққа жеткізуде ой ордасы, рухани отаулар - кітапханалардың алар орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласында көзделген мұраттарға жету жолында рухани қазынаның кілтін ұстап отырған кітапханашыларға жүктелер міндет көп», деді аудан әкімі Әділ Жоламанов.
Жиында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева, Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл, төрт облыстан кітапханалардың өкілдері С.Сейітов сынды поэзия тарланбозының еңбегін насихаттауға байланысты тәжірибелерін ортаға салды. С.Мұқанов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Ғ.Орманов, басқа да әдебиет алыптарымен иықтаса ғұмыр кешкен Сағынғали ағаның, мәселен, Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет секторында қарымды еңбек еткен кезінде «Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктері» атты ұжымдық қомақты еңбектің төрт тарауын, өзіне көркемсөзде ұстаз тұтқан көрнекті қалам қайраткерлері - Ғ.Мүсірепов пен Т.Жароков туралы сыни-ғұмырнамалық очерктер жазып, Қ.Жармағамбетовпен бірге С.Мұқанов шығармашылығын безбендегені, «Қырық жылда» монографиясының негізінде ғылыми диссертация қорғағаны баяндалды. Форум «ХХІ ғасыр кітапханасы: позитивтік өзгерістер» атты экскурсияны тамашалаумен жалғасты.

Аудан орталығындағы Жұбан Молдағалиевтың ескерткіші жанында мерейтойға арналған сағатта Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтың арасындағы рухани байланыс пен терең сыйластықтың талайға үлгі болатыны айтылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде С.Сейітовтың тұтынған заттарынан жасақталған жеке кабинет ашылды. Музейде қаламгердің жылдар жүзінде жарық көрген кітаптары, еңбегі үшін алған медальдары, қазақ кеңес әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін алған грамотасы, жақын жандарымен, майдангер жолдастарымен түскен фотосуреттері, сонымен қатар жеке заттары: домбырасы, қамшысы, киген киімдері және жұмыс үстелі қойылған.

Айта кетейік, ақын Сағынғали Сейітовтің тырнақалды туындысы 1936 жылы облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жарияланса, оның кейін 70 жылға жуық шығармашылық жолында елуге тарта кітабы жарық көрді.

Ақынның мерейтойы одан әрі жалғасуда.
null

Соңғы жаңалықтар