Ақын-жазушыларды ең бақытты жандар деп санаймын - Әкім Тарази

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық академиялық кітапханада танымал қаламгер, ақын-журналист Нұрғожа Нарымбайұлы Ораздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Астана - Ұлы Дала жүрегісің» атты еске алу кеші өтті.

Бұл басқосу Нұрғожа ақынның өзі өлең оқып тұрған бейнетаспаны тамашалаудан басталды.

Белгілі қаламгерлер, ғалымдар Әкім Тарази, Серік Негимов, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Сұлтан Оразалин, сонымен бірге «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Дархан Қыдырәлі, ақын Серік Тұрғынбек және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы  кеш барысында сөз алып, Нұрғожа Нарымбайұлының азаматтық ұстанымы, өмірі мен шығармашылығында қол жеткізген табыстары және Астана қаласын дамытудағы сіңірген еңбегі турасында ойларын ортаға салды.
null

«Өзім жазушы, ақындарды ең бақытты жандар деп санаймын. Өйткені олардың туындылары өлмейді. Көзінің тірісінде құрметке бөленеді, дүниеден озған соң де, елі есіне алады. Жазған шығармалары құнды болса, халыққа сөзі жетіп жатса, сол бақыт қой. Нұрғожа да сондай бақытты жанның бірі деп есептеймін»,- деді жазушы Әкім Тарази. 

Осы кеште Өнер университетінің студенттері ақынның жырын мәнерлеп оқыды. Жас әншілер Н.Ораздың сөзіне жазылған әндерді орындады.

Бұл кештің басты ерекшелігі - Ұлттық академиялық кітапхананың үшінші қабатында «Астана залының» ашылуы. Кең залға Нұрғожа Ораздың үйінде тұрған жеке кітапханасы жиһазымен бірге түгелдей көшіріліп әкелінген. Ақынның отбасы осындай шешімге келіп, 3500 кітапты рухани қазынаның орталығына табыс етіп отыр. Кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева қаламгердің зайыбы Айман Қожахметқызына ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына орамал жапты. Ақынның туған жері Қостанай облысының Сарыкөл ауданынан келген Солдат Дүтпаев жерлес қаламгер ағасын ерекше құрмет тұтатынын еске ала келіп, кітапханаға Қостанай өңірі туралы сыр шертетін жинақтарды табыс етті. 

Еске сала кетсек, Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда  Қостанай облысының Сарыкөл ауданында дүниеге келген, ал 2016 жылы 20 ақпан күні Астана қаласында 84 жасқа қараған шағында дүние салды.

Соңғы жаңалықтар