Ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар басталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында белгілі ақын, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алдымен ақынның туған жері Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында «Жыр ғұмырдың самғауы» атты шара өткізіліп, онда ҚР Ұлттық кітапханасы бастаған рухани орталықтармен тікелей байланыс жасалды. Бірінші болып Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы хабарласып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айтқали Нәріков, жазушы, «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншәлиева, ақын-ұстаз Үзілдік Елеубаева Сағынғали Сейітов туралы өз ой-толғамдарымен, естеліктерімен бөлісті.

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтің айтуынша, биыл ақынның 100 жылдығына орай көптеген шаралар қолға алынуда. Кітап көрмелері, жыр кештері өз алдына, аудан орталығында мүсінге қоса көшеге, туған ауылы - Жұбандағы орта мектепке есімін беру, осы білім ордасында С.Сейітов сыныбын ашу, аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ақын-ғалымға қатысты жәдігерлерді жинақтау, бірнеше ауылға саяхат, веложорық ұйымдастыру ойластырылуда.

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханадан тікелей байланысқа шыққан Дидар Сағынғалиқызы әкесінің мол мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырғанын жеткізіп, оны құрметтеп, еске алып жатқан Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді.

null 

Бұған дейін Ақжайық ауданы әкімдігі мен БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқау жарияланған болатын. Осыған орай С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық кітапханасынан байланысқа шыққандар осы сөз сайысына қатысуға ықыласты екендіктерін жеткізді. Бұл байқау «Өлең боп ақын өрілсе...» (ақынға арнап жазылған өлеңдер), «Ақ жауын жыры төгілсе...» (ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу), «Таланты тау боп көрінсе...» (ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған әдістемелік-библиографиялық, инновациялық құралдар байқауы) атты бөлімдерден тұрады. Бұл шараға жұмыстар осы жылдың 10 сәуіріне дейін қабылданады.

«Ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған республикалық, облыстық деңгейдегі шаралар жыл бойы өтетін болады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Соңғы жаңалықтар