Ақын Нұрлан Қалқа «жасұландықтармен» кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Отан қорғаушылар күніне орай Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Іс-шара Мемлекеттік тілді дамыту қорының  әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірге ұйымдастырылды.

Кездесудің мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты еңбегінде айтылғандай, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, олардың өн-бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, халқымыздың ұлттық мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылықтарын ояту.

Тағылымдық мәні зор іс-шара барысында Мемлекет басшысының ұлттық жаңғыру туралы жаңа еңбегінде айтылған келелі мәселелер мен кемел пікірлер жан-жақты әңгімеленді. Әсіресе, «жасұландықтар» Тұңғыш Президентіміз - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы еңбегінде зор тебіреніспен жазылған «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген ой-толғамдарын әсерлене тыңдады.

«Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері алдында ақын Нұрлан Қалқа сөз сөйлеп, өз шығармашылығымен таныстырды. Өзінің «Әлия-Мәншүк», «Батыр ата - Бауыржан», «Бауыржандай боламыз», «Сағадат ата - нар тұлға», «Жас ұлан» мектебі» атты өз өлеңдерін оқып, шығармашылық жолы туралы әңгімеледі, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңында ақын жаңа кітаптарымен таныстырып, оқушыларға және мектеп кітапханасына қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйлады. Сонымен қатар, ұйымастырушылар атынан кездесуге қатысушыларға «Тәтті алма» атты 2 томдық жинақ тарту етілді.

Соңғы жаңалықтар