Ақын деп елің төрге шығарса, одан асқан бақыт жоқ - Жансая Мусина

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы тізіміне Батыс Қазақстаннан танымал айтыс ақыны Жансая Мусина да ұсынылып отыр. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі Жансаямен сұхбаттасқан еді.

- Жансая, айтыс ақыны болу қиын ба, жазба ақын болу қиын ба?

- Жалпы, ақын болудың өзі оңай емес сияқты. Табиғат берген тума талант шыңдала келе ақын деген абыройлы атаққа әкеледі ғой. Ақындар жинағына енген өлеңдерім бар болғанымен, мен өзімді жазба ақынмын  деп есептемеймін. Сұрағыңызға орай, өз ойымды айтар болсам, айтыс ақыны болу қиындау сияқты көрінеді. Айтыс ұлы өнердің додасы ғой. Синкретті өнерге жатады. Бірнеше өнер тоғысады. Шабытың келсе, шарықтап, көркем шумақтар төгесің әнмен әспеттеп, домбырамен қағытып. Уақыт шектеулі болғандықтан, қайымдасып айтысып, жауап та табу керек, орынды, қисынды шумақтар да құрап үлгеру қажет. Ұзақ толғатып отыра беруге шарты көтермейді дегендей. Жазба ақындарға сол жағынан алғанда, еркіндік бар ғой деп ойлаймын. Ақынның ақын боп танылуы айтыс арқылы жүзеге асатыны шындық. Ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер додасының бел ортасында жүрудің өзі қиындықты жеңумен пара-пар. Мұхтар Әуезовтің өзі айтыскер ақынға тән қасиеттер ретінде алғыр импровизаторлық қасиет, дүниетанымның кеңдігі, тапқырлық, батылдық т.б. қасиеттерді санамалап айтып, «Ақындар айтысы - көпшілік алдында туып, орындалады.  Әнмен не әр ақынның арнаулы сарынымен: қобызға, домбыраға, гармонға қосылып айтылады. Ақындардың бірі жеңіп, бірі жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады» деген пікірлері  айтыс поэтикасының негізі, әліппесіндей дер едім.

- Ақындық өнер өзіңе кімнен ауысты?

- Қай өнер де тектен ауысады деп жатады ғой. Әкем марқұм да, анам да өнерден құр алақан емес. Таза ақын боп танылып, бойларындағы өнерді дамытпаса да, анамның  ән айтатыны болған ертеректе. Мақалдап, қағытып сөйлеп, сөзге шешендігін байқатып жүретін жан. Әкем өнерге жақын, домбыра тартып, терме айтатын еді.

- Кімді ұстаз тұттың?

- Кішкентай кезімізден эфирден айтыс қарап өстік қой. Айтыс өнеріндегі алдыңғы буын ақындардың айтыстарын үзбей қарап, сабақ алғандаймыз. Өзім білім алған, бүгінде қызмет атқарып жатқан М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Мэлс Қосымбаев ұстазымыз болды, дәріс оқыды.  Аға ұстаз болды. Одан кейін Халиолла Бауыржан ағамызбен жақын араласып, қамқоршы ұстаз тұттық. Болтанова Жібек апайымыз да ақыл-кеңесін аямай, шын жанашыр боп жүреді. Одан кейін ортамыз Мұрадым, Айнабек, Талғат, Эльдар сынды ақындармен толықты. Университет қабырғасында айтыс өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған Асылбек Ищановтай талантты ақынмен бірге шықтық. Осы буынның барлығына дерлік Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап апамыз да үнемі қолдау танытып, ақындық жүрекпен жанашырлық танытып келеді. Алдыңғы буыннан үлгі алып, кейінгі толқын ақындармен үзеңгілес боп жүріп, ұлы өнердің қыр-сырын әлі де үйренудеміз. 

- Өскен ортаң жөнінде айтып өтсең...

- Өскен ортам қасиетті топырақ, талай талантты тудырған Бөкей ордасы ауданына қарасты Сайхын ауылы. 2002 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын бітірдім. Мектеп қабырғасында айтысқа қатысып кетпегенмен, әдебиетке жақын боп, білім бәйгелерінің жеңімпазы атанып жүрдім.  Өзім қарапайым отбасынан шыққан адаммын. Әкем өмірден ерте өтті. Анам да қарапайым, үй тұрмысындағы жан. Ағам екеумізді осы күнге жеткізіп, оқытып, тәлім-тәрбиесін беріп, адам қатарына қосуда еңбегі ұшан теңіз дер едім.

- Осы кезге дейін қандай табыстарға қол жеткіздің?

- Ең үлкен табысым ұлы өнердің төрінде жүрген ақын ағаларымның ақ тілегін естіп, баталарын алуым.  Қазақтың Қадырының батасын алдым. Театр тарланы, кино майталманы, қазақтың жұлдызы Асанаәлі Әшімовтің ақыл-кеңесі мен ақ батасын алуымның өзі өмірге сабақ болар үлкен табыс дер едім. Айтыс өнеріне бір кісідей еңбек сіңіріп келе жатқан ақын ағамыз Жүрсін Ерманның да рухани ұстаз боп, ал айтыс ақындарымен жақын таныс болып, айтыс сахнасында бірге жүруімнің өзі мен үшін үлкен жеңістің бірі дер едім. 

Ал айтыстың додасында біраз жетістікке қол жеткіздім. Қарағанды қаласында өткен  «Жас толқын» республикалық ақындар айтысының  бас жүлдесін, 2005 жылы Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында бас жүлде, 2007 жылы Талдықорған қаласында өткен Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында ақын Сара атындағы 2-жүлде, 2011 жылы Маңғыстау облысында өткен  Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығына арналған  республикалық ақындар айтысында бас жүлде, 2013 жылы Шымкентте өткен Абылай ханның 300 жыл, Төле бидің 350 жылдығына арналған айтыста Абылай хан атындағы бас жүлде,  2015 жылы Бөкей ордасы ауданының  Хан ауылында өткен «Тарихы терең қазақ елі» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі, 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығына арналған ақындар айтысының бас жүлдесі мен дәстүрлі түрде өтетін «Алтын домбыра» айтысының да жүлдегері атануым осы өнер жолындағы жетістіктерімнің бір белесі дер едім. Айтыс ақыны ретінде халқымның, елімнің Жайықтың Жансаясы деп алақанына салып, еркелеткенінің өзі бір бақыт емес пе?! Туған жерімнің ақын қызына деген құрметі Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы атандырды. 

- Қазақтың ұлттық коды мәдениеті, өнері болса, айтыс - өнердің мәйегі. Ұлы өнердің төрін асқақтату әрбір ақын үшін ұлы мақсаттың бірегейі болуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл», біраздан бері М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәріс беріп келесің, шәкірттерің жиі қуанта ма, айтыстан ізбасарларың бар ма?

- М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қызмет атқарамын. Осы оқу орнының филология мамандығы бойынша магистратурасын аяқтадым. Студенттерге қазақ әдебиетінен сабақ беремін. Ақын боламын деп талпынған жастарға барымша кеңес беруге дайынмын. Студенттерім шығармашылық байқауларға, мүшәйраларға қатысып, облыстық, республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, университеттің мақтанышына айналды. Жадыра Ерманова, Айнұр Ұябасова, Айдана Сұлтанмахмұт, Жұмагүл Мұрсалова сынды студенттерім жазба поэзияда біраз жетістіктерге қол жеткізді. Ал Азамат Базарбаев, Жарқынбек Шынтаевтар айтыс сахнасында бақтарын сынап келеді. Алшынбек Мұқанғалиев те өзге оқу орнында білім алғанмен, мені рухани ұстаз тұтып жүрген жастардың бірі.

Соңғы жаңалықтар