Акуладан қашқан британиялық жеті шақырым жүзіп өткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аустралия жағалауларында дайвингпен (сүңгуір жабдықтарымен су астында жүзу) айналысатын британиялық Джон Крэйгтің артынан төрт метрлік акула еріп отырған. Бірақ оның сөзіне қарағанда, мұхит торпедосы Джонға шабуылдамаған.  Бұл жайлыBBC хабарлады .

34 жастағы британиялықтың суға секірген яхтасы жағалаудан 7,5 шақырымға алыстап кетіп, Шарк («Акулалар мүйісі») шығанағына барып тоқтаған. Тәжірибелі дайвингші су бетіне көтерілгенде яхтасы маңайда болмаған. Дауыстап көмекке шақырған ол, қасына акуланың жақындап келе жатқанын көрген.

«Ол маған өте жақын келді, мені қызықтағандай айналшықтап жүзіп жүрді. Акула менің кім екенімді, мені жеуге бола ма, жоқ па, анықтап алмақ болған секілді. Төрт метрлік акуламен бетпе-бет келген соң, осы жерде күнім бітті деп ойладым», - дейді Крэйг.

Үрейден зәресі ұшқан британиялық ақырындап жағалауға қарай жүзе бастайды. Он бес минуттай артынан еріп отырған акула Джонға шабуыл жасамаған. «Жүзіп келе жатып, артыма қарасам, аяғыма тиер-тимес жерде акуланың тұмсығы келе жатты», - дейді ол. Дегенмен мұхит жыртқышы Джонға тиіспеген.

Үш сағаттай жүзген дайвингші жағалауға аман-есен жетеді. Жарты сағаттан кейін оны әуедегі тікұшақтар байқаған, тағы аздаған уақыттан соң оның жанына құтқарушылар жеткен.

 «Осыншама қысқа уақытта жеті жарым шақырым жүзуге болады деп біреу айтса сенбес едім, бірақ артыңнан акула аңдып отырса, (...) бапкердің қажеті де жоқ шығар», - дейді құтқарушы Гленн Риджли.

 

 

Соңғы жаңалықтар