Ақтөбенің аудандарына Астана мен Алматы атаулары қалай берілді - Сапарбаев жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығының жаңадан құрылған екі ауданына Астана мен Алматы атауларының берілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтөбедегі екі аудан атауына қатысты айтар болсам, біріншіден, Қазақстанда заң бар. Онда облыс орталығында тұратын халық саны 400 мыңнан асатын болса, экономикалық дамуы, болашағы болса, онда ол облыстың орталығы аудандарға бөлінеді делінген. Осы тәртіпті ескере отырып ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 480 мың адам тұрады. Қала қарыштап дамып келеді. Осыны ескере келе екі ауданға бөлінді. Мәслихат, Үкімет қолдады», - деді Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, келесі мәселе екі ауданға атау беруге қатысты болды.

«Атау беру жөнінде де заң, нормативтік құжаттар бар. Онда қандай тұлғалардың, қандай жерлердің атын беруге болатындығы жазылған. Біз мұның барлығын, халықтың пікірін ескердік. Арнайы жұмыс тобы құрылып, екі жерде қоғамдық тыңдау өткізді. Ол тыңдауға мүмкіндігінше көп адам қатысты. Халық арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамада Әбілқайыр, Абай, Есет батыр аттары, Сазды, Елек өзендерінің аты және Астана мен Алматы атаулары болды. Ең көп ұсынылған атаулардың тізімін қоғамдық кеңеске ұсындық. Ал ұсынылған тізімде Сазды мен Елек өзендерінің атауы жоқ. Жалпы ұсынымызды көпшілік қолдады», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, Ақтөбе қаласының екі ауданына Астана мен Алматы атауын беру ұсынысын республикалық ономастика комиссиясы, қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттары қолдаған.

«Сонымен шешім қабылданды. Қаланың бір бөлігі Астана, екінші бөлігі Алматы болады. Менің ойымша, бұл атаулар дұрыс. Жалпы, қарсы болғандардың да бар екенін білемін. Тіпті олар әлеуметтік желіде қол жинамақ болды, жинаған да шығар. Бастамашы топпен кездестіп, түсіндіріп айттым. Елек өзені Қазақстаннан басталып, Ресейден аяқталады. Сазды кішкентай ғана өзен. Жалпы, біз көпшіліктің сөзіне құлақ асуымыз керек. Ал бес-алтауының айтқанын тыңдасақ алысқа бармаймыз. Қазір еш мәселе жоқ»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар