Ақтөбеліктер құқықбұзушылық туралы ақпарат үшін сыйақы алып жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде полицейлердің 1 мыңнан астам қоғамдық көмекшісі бар. Оларға өткен жылы 2 миллион теңге сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері қарапайым адамдардың көмегіне мұқтаж. Себебі, өңірде 50 полицейдің орны бос тұр. Қазіргі кезде аула ішіндегі қылмыстың дер кезінде ашылуына қарапайым адамдар жиі көмектеседі.

«Қоғамдық көмекшілердің арнайы куәлігі бар. Олар аула ішінде, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған адамдарды көрсе, полицияға хабар береді. Өткен жылы оларға жергілікті атқарушы органнан 2 миллион теңге бөлінді. Белсенді азаматтарға сыйақы, алғыс хат беріледі»,- деді Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев.

Сонымен қатар, ірі өндіріс орындарының жұмысшылары мен жоғары, арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізіліп, полицияға көмек көрсету туралы меморандумға қол қойылды. Олар қоғамдық қауіпсіздікті бақылап, қандай да бір құқықбұзушылықты анықтаған жағдайда  полицияға хабар беруге келісім берді.

Қазіргі кезде жергілік атқарушы органдар қала ішіндегі аулаларға бейнекамера орнату жұмысын қолға алды. Биыл ондай жерлерге 140 камера қондырылады. Сонымен қатар, көше қауіпсіздігі мен жол ережесінің сақталуын бақылайтын 30 камера орнатылады. Полиция қызметкерлері бұл шара қылмыстың алдын алуға, күдіктілерді дер кезінде ұстауға септігін тигізетініне сенімді. Бейнекамера Хромтау, Мұғалжар, Алға аудандарына да қойылады. Бұл аудандарда да қылмыс жиі тіркеледі.

 

Соңғы жаңалықтар