Ақтөбеліктер Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын атап өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын атап өтті. Жәрмекеге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының жыршылары мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 



Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы аясында Ақтөбеде Қазақстан сауда тарихында Көкжар жәрмеңкесінің алатын орны, саяси маңыздылығы туралы ғылыми конференция өтті. Ал Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр Табыл Құлиястың «Мұхит» қойылымын сахналады. Өңірге жиналған Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жыршылары «Жан серігім - домбыра» атты байқау өткізді.



Жәрмеңкенің 150 жылдығында тарихи сауда орнында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, қолөнер шеберлері өз бұйымдарын сатуға шығарды. Барлығы 4 тоннаға жуық ет сатылып, сүт және сүт өнімдері, құрт пен ішімшік жәрмеңкеге келушілердің сұранысына ие болды.



«Жібек жолының бойында Көкжар, Қоянды жәрмеңкелері орналасқан. Осының барлығы қазақ тарихын көрсетеді. Қазақ тек қой бақпаған, сол кезде де кәсіпкерлікпен, саудамен айналысып, өнер, мәдениетті дамытқан. Тарихсыз болашақ болмайды деген сөз бар. Барлығының өз негізі бар. 25 жылдағы дамуымыз бен жетістігіміз ата-бабамыздың қаны мен терінің арқасында деп білеміз. Қазақстан әлемге танылды, елімізді әлем мойындады. Халықаралық деңгейдегі саммиттер, форумдар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының арқасында ұйымдастырылып жатыр. Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін экономика, саясат, рухани жағынан дамуымыз керек. Дағдарыстар болса да елімізде әлеуметтік салаға бөлінген қаржы төмендеген емес. Бізге қажеті - рухани байлық. Біз өзіміздің сана-сезімізді дамытуымыз керек. Соның бірі Ойыл ауданындағы Көкжар жәрмеңкесі. Бұл - өскелең ұрпаққа сабақ, өнеге»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.



Жәрмеңке кезінде 25 киіз үй тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.



Айта кетейік, Көкжар жәрмеңкесі 1967 жылы алғашқы жұмысын бастады. Қазақ жерінде болған жәрмеңкелердің орны сақталғанымен, ғимарттары бұзылған. Ал Көкжар жәрмеңкесіндегі сауда қатарлары мен жәрмеңке комитетінің үйі сақталып, жаңартылды. Ойыл аудандық мұражайында жәрмеңке кезінде сатылған күміс қасық, шай қораптары мен қыш ыдыстар, жәрмеңке кезінде түсірілген суреттер сақтаулы тұр. Көктем мен күзде өткізілген жәрмеңке туралы құнды құжаттар Орынбор мұражайынан табылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар