Ақтөбеліктер Азия чемпионын әуежайдан күтіп алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер Азия чемпионы атанған балуан  Нұрислам Санаевты әуежайдан күтіп алды. Бішкек қаласында өткен жарыста алтын медаль алған спортшы жазғы Азия ойындарына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер бүгін халықаралық әуежайға жиналып, чемпионды қарсы алды. Ұран сөздер жазылған плакаттарды ұстаған жастар ел намысын қорғаған спортшыға ризашылықтарын білдіріп жатты. Ал спортшы өзіне қолдау білдірген өңір тұрғындарын алғысын айтты.

«Мен өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа, облыстық спорт басқармасына, жаттықтырушыма алғыс айтамын. Бұл жолы сенімді ақтадым. Алда үлкен жарыс күтіп тұр. Енді жазғы Азия ойындарына дайындықты бастаймын»,- деді Азия чемпионы Нұрислам Санаев.
null

Айта кетейік, 27 ақпан - 4 наурыз күндері аралығында Бішкек қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа Ақтөбе облысынан 3 спортшы қатысып, олар 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Балуан Нұрислам Санаев облыс тарихында алғаш рет 61 келі салмақта еркін күрестен Азия чемпионы атанды. Енді ол 2018 жылдың 18 тамыз - 2 қыркүйегі аралығында Джакартада (Индонезия) өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына барады. Сонымен қатар, Мейрамбек Айнағұлов Бішкекте өткен Азия чемпионатында 63 келі салмақ бойынша грек-рим күресінен қола жүлдеге ие болды. Ал Айжан Исмағұлова 58 келі салмақта грэпплингтен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Джакартада өтетін Азия ойындарына Ақтөбеден самбошы Есет Қуанов, зілтемірші Фархад Харки және балуан Нұрислам Санаев барады деп жоспарланған. Алда бірнеше спортшы жолдама алады деп күтілуде. 
null

Соңғы жаңалықтар