Ақтөбеліктер әлеуметтік желіде мемлекеттік органдармен байланыс орнатты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі барлық мемлекеттік органдар мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде өз аккаунттарын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктер, қаладағы мемлекеттік бөлімдер әлеуеметтік желілерде өз парақшаларын ашты. Онда кез келген тұрғын сұрақ қойып, оған жауап ала алады.

«Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және ашықтығын арттыру мақсатында жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау сапасын арттыруды көздеп отырмыз. Тіпті, онлайн байланыс арқылы маңызды және шұғыл міндеттер шешімін табады деген сенім бар. Өңірлік БАҚ арасындағы форумы кезінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ақпараттты таратуда ең жедел сайттардың өзі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге ілесе алмай отырғанына тоқталған болатын. Әрі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілердегі мемлекеттік органдардың парақшаларын күн сайын қадағалап отырады»,- деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы әкімдігінің аккаунты арқылы жергілікті тұрғындар тікелей эфир арқылы маңызды жиналыстарды көріп жүр. Су тасқыны кезіндегі жұмыстар да тікелей эфир арқылы тарады. Қазіргі уақытта Қобда, Мәртөк және Мұғалжар аудандарының әкімдіктері ашқан аккаунттардың белсенділігі жоғары. Мәселен, Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауовтың айтуынша, жеке қабылдауға жазылушылар саны азайып, желі арқылы жедел жауап алушылардың қатары артты. Аудандардың инстаграмдағы парақшасы аудан атымен аталады. Мәселен, Әйтеке би - aitekebi_akimat, Ырғыз - irgizakimat болып аталған.

Соңғы жаңалықтар