Ақтөбелік жігітті ұрып, саңырау қылған полицей өз кінәсін мойындамады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде учаскелік полиция қызметкері Айбек Алишевке қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Ол Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша жауап береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 26 жастағы Аслан Сәрсенғалиев өткен жылы дәмханада отырған жерінен соққыға жығылды. Таксимен үйіне оралған жас жігіт есінен танып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Қазір құлағы естімейді, сөйлеу мәнері жойылып барады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, тергеушілерден күдер үзген жәбірленуші Ақтөбе облыстық прокуратурасына арыз жазған болатын.   Кейін Ақтөбе облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы істің тергеліп жатқанын, бірнеше медициналық сараптама тағайындалғанын жеткізді. 

Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында алғашқы сот отырысы өтті. Судья Роза Күзембаева жәбірленушілерге құқықтарын түсіндірді. Соққыдан соң екі құлағы мүлде естімей қалған жәбірленуші Аслан Сәрсенғалиев өз құқықтарын кітаптан оқып алды.

«Жиенім Аслан Сәрсенғалиевтің екі құлағы естімей қалды. «Мүгедексің» деп айтсақ ренжіп, сөйлеспей қалады. Бас-ми жарақатын алған соң ем жүргізу керек. Соңғы уақытта көзі ауырып, көру қабілеті нашарлап барады. Істің сотқа жетуі үшін бірнеше құқық қорғау органына барып, кездесу өткізуімізге тура келді»,- деді Ботагөз Қалиева.

Алғашқы сот отырысы кезінде айыпталушы Айбек Алишевтің өз кінәсін мойындамайтыны белгілі болды. Сот отырысы жалғасып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар