Ақтөбелік жастар Астананың 20 жылдығына орай әр ауылда форум өткізуді ұсынды

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының жастары Астана қаласының 20 жылдығына орай әр ауылда форум өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ауыл жастары Астананың 20 жылдығына дайындықты бастап кетті. Белсенділер республикалық жастар форумының Ақтөбе қаласында өткенін қалайды. Ұсыныс «Астана - арман қала» атты жастар форумында айтылды. Форумға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, ауданның жастар өкілдері және орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Астана қаласына баса назар аударды. Биыл Астана қаласына 20 жыл толады. Қазір елімізде республикалық үлкен форумға дайындық жүріп жатыр. Ал аудан жастары әр ауылда Астананың, тәуелсіздігіміздің жетістігі мен табысын паш ететін форумдар ұйымдастыруды қолға алуға тиіспіз. Ұлы дала жастарға сенім білдіріп, үміт артып отыр»,- деді жас маман Заманай Қайнарұлы.

Ал ауыл ақсақалдары жастарға Астананың көшірілуі, қаланың дамуы мен теңдесі жоқ ғимараттардың тарихы туралы айтып берді. Партия ардагерлері Нұрқасым Сәрсенбайұлы, Қуанышбай Кенжебаевтар Астана туралы тың деректер айтып, арқаға көшірудің маңызын және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жан-жақты баяндады.

Айта кетейік, Ырғыз ауданының жастары Астана күніне орай бірнеше мәдени, танымдық шара өткізуге бекініп отыр. Ауданда айтыс өтеді. Әрі «Астана - жас қала» атты аудандық жайдарман ойынын, «Астанаға 20 жыл» атты мүмкіндігі шектеулі жастар мен мектеп оқушылары арасында аудандық көрмесін,  «Астана - татулық пен бірліктің ордасы» атты аудандық спорттық шарасы мен «Астана жастар көзімен» атты жастар арасында пікірталас кешін өткізеді. 

Соңғы жаңалықтар