Ақтөбелік прокурор дәмханада абайсызда кісі өлтіргендерге жеңіл жазаны түсіндірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы дәмханалардың бірінде әкімші болып жұмыс істеген Әсет Оразбай тапсырыстың ақшасын толық төлемеген клиенттердің соңынан еріп, қаза болды. Абайсызда кісі өлтіргендердің неліктен жеңіл жаза алғанын прокурор түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот Марат Абдуллин мен Артур Берекетовті бұзақылық, абайсызда кісі өлтіргені үшін 2 және 3 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындады. Дәмханамен есеп айырыспай, кетіп бара жатқандарды тоқтатпақ болған әкімші Әсет Оразбай жүріп бара жатқан көліктің есігіне жармасқан. Туған-туыстарының көзқарасына түсіністікпен қараймын. Бірақ сот шешімін жан-жақты түсіндіргім келеді. Егер оқиға адам өлімімен аяқталса кісі өлтіру немесе абайсызда кісі өлтіру бойынша айыпталады. Екеуінің іс-әрекетінде айырма бар. Егер адам кісі өлтіруді көздесе және өлтіруді жан-жақты ойластырса, онда ол кісі өлтіргені үшін жауапкершілікке тартылады. Неліктен сотталушылардың ісі абайсызда кісі өлтіру бабымен қаралды? Кодексте «Менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет "абайсызда  жасалған қылмыстық құқықбұзушылық" деп танылатыны жазылған. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқықбұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады» деп жазылған. Абдуллин мен Берекетов дәмхана әкімшісі Әсет Оразбайдың көлікті ұстап тұрғанын біле тұра, жылдамдықты асырған кезде оны қалып қояды деп ойлаған. Абайсызда кісі өлтіргендері үшін сотталушылардың екеуіне Кодексте қарастырылған жаза тағайындалды. Сотталушылар жәбірленушіні қасақана өлтірді деуге келмейді»,- деді Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.
null 

Еске салсақ, дәмханада кешкі ас ішіп, ішімдік алдыртқан Марат Абдуллин мен Артур Берекетов тапсырыс ақысын толық төлемей, көлікке отырған. Олардың ізінен көлікке ұмтылған Әсет Оразбай бірнеше метр жүріп, кейін жылдамдыққа ілесе алмай, құлап, оқиға орнында мерт болды. Оның артында төрт баласы қалды. Сот шешімімен сотталушы Марат Абдуллин 2 жылға, Артур Берекетов 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр . 

Соңғы жаңалықтар