Ақтөбелік оқушылар Ташкент пен Самарқанды аралайды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысының білімді, дарынды оқушылары Қазақстан мен Өзбекстанның киелі жерлерін аралайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде облысында ішкі туризмді дамыту үшін жан-жақты жұмыс атқарылып жатыр. 

Биыл ақтөбелік оқушылар осы тарихи, мәдени орындарды аралап, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы киелі орындармен танысады. «Бақытты бала» жобасы аясында барлығы 2 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарда бар.
null 

«Бақытты бала» жобасы аясында балаларды Қазақстанның киелі жерлерін аралауға жібереміз. Білімді, дарынды, олимпиада жеңімпаздары мен спортта жетістікке жеткен оқушылар арнайы таңдалады. Бұл жұмысты облыстық білім басқармасымен бірге атқарамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары да Қазақстанның тарихи орындарын аралауға мүмкіндік алады. Ал Ақтөбе облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы 100 баланы Байқоңыр-Түркістан-Ташкент-Самарқан бағыты бойынша сапарға жібереді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған жобаның бірі болып отыр»,- деді Ақтөбе облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жанна Бүркітбаева.

Айта кетейік, Ақтөбедегі туризмді дамыту үшін 30 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Барлығы 20 жол бойында қызмет көрсету орны мен 7 қонақ үй, аквапарк, емдеу-сауықтыру орындары салынуда. Өткен жылы Ақтөбе облысына 77 мыңнан астам қонақ келсе, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Басым бөлігі іскерлік кездесуге келген. Ал өңірдің мәдениеті, тарихымен танысуға келгендер әлі де аз. Бұл бағытты дамытуға жолдың қашықтығы, қызмет сапасының төмендігі, тарихи орындарды таныту жұмысының аздығы себеп болып отыр.

Қазақстанның киелі жерлері қатарына облыстан 10 нысан енді. Олар: Қабыланды батыр, Есет батыр, Абат Байтақ, Исатай батыр кесенелері, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы, Жаманшың кратері, Ойсылқара қорымы, Досжан Ишан мешіті, Бопай ханым бейіті, Есет Көтібар кесенесі.

Соңғы жаңалықтар