Ақтөбелік маман ең үздік мемлекеттік қызметші атанды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова еліміздегі ең үздік мемлекеттік қызметші атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құбайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген Нұргүл Бертілеуова еңбек жолын мектеп-гимназияда бастады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз бір мектепте 9 жыл бойы еңбек етті. Сол кезде-ақ алдыңғы қатардан көрінген ұстаз қаланың, облыстың, тіпті республиканың ең үздік ұстазы атанды. Білім ордасының қабырғасында шеберлік класы ашылып, бұл орталық облыс мұғалімдерінің тәжірибе жинайтын алаңына айналды.

«Мектепте жүргенде шәкірттерім қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Педагог болу ұнады, дегенмен басқа салада да еңбек етіп, тәжірибе жинауды жөн көрдім.Содан 2007 жылы мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрдым. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы қызметінде он жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы салада тұрақтап, әрі қарай табысты жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Ең үздік мемлекеттік қызметшілерді анықтайтын байқауға кәсіби шеберлігімді дәлелдеу үшін қатыстым. Облыстық кезеңде біз «Нәтижелі кәсіби мемлекеттік аппаратты қалай құруға болады?» деген тақырыпта эссе жазып, үздіктер іріктелді. Мен эсседе мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіруге көп мән беру керек екенін ұсындым. Біз үш жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстарына қатысамыз. Осы саланы жетілдіріп, жаңалықты дер кезінде біліп отыру, ІТ технология жиі қолдануды айттым. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жеке кітапханасы, арнайы лекторлардың болуы керек. Әрі менеджмент, көшбасшылық қабілетті жетілдіру ұсынылды», - деді Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова.

Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 300-ден астам мемлекеттік қызметші байқауға қатысып, үздіктері іріктелді. Өңірден барлығы 2 адам республикалық кезеңде бақ сынады. Бұл жолы да Нұргүл Бертілеуова өзінің үздік мемлекеттік қызметші екенін дәлелдеп шықты.

«Республикалық конкурста кәсіби, өмірлік ұстанымың туралы айтып, өз-өзіңді таныстыру талабы қойылды. Кейін байқауға қатысушылар креативті түрде дөңгелек үстел, семинар, конференция өткізіп, тұрғындарды қабылдады. Бәрі ел заңнамаларына сай болуы тиіс. Бұл кезең мен үшін қиын болмады. Арнайы дайындық та жүргізілмеді. Себебі бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Мемлекеттік қызметті басқа саламен салыстыруға болмайды. Осы салада еңбек етіп жүрген қызметші біз арқылы бүкіл мемлекетке деген көзқарас қалыптасатынын ұғынуы керек. Адалдық, жауапкершілік, әділдік, шынайылық, белсенді өмірлік көзқарас, кәсіби білім мен біліктілік. Осы қасиеттер бойға дарымаса мемлектетік қызметтегі өмірің ұзаққа бармайды»,- деді еліміздің ең үздік мемлекеттік қызметшісі байқауының жеңімпазы Н. Бертілеуова.

Нұргүл Бердібекова үш баланың анасы. Жолдасы - жолсерік. Ерлі-зайыпты халыққа қызмет көрсету саласын таңдап, осы саланың үздігі атану үшін бар күш-жігерін салып жүр.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар