Ақтөбелік келіншек 8 ай түрмеде отырғаны үшін моральдық шығын өндіріп алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік келіншек күйеуін өлтірді деген күдікпен 8 ай бойы түрмеде отырып, кейін сот залынан ақталып шықты. Айгерім Қауқанова негізсіз түрмеде отырғаны үшін ҚР Қаржы министрлігінен 601 мың теңге өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғыны Айгерім Қауқанова ішімдік ішіп, өзіне қол жұмсаған, пышақ алып, өміріне қауіп төндірген күйеуінен қорғанып, оған пышақ сұғып алды. Жәбірленуші бірер минутта көз жұмып, күдікті қамауға алынды. 28 жастағы келіншек Қылмыстық кодекстің «Кісі өлімі», «Қорғану мақсатында адам өлтіру» баптары бойынша айыпталып, кейін сот залынан босап шықты.

Іс материалына сүйенсек, 8 ай бойы түрмеде отырған келіншек кейін азаматтық арыз түсірді. Ол моральдық шығын ретінде 3 миллион теңге сұрады. Жауапкер - ҚР Қаржы министрлігі. Сот талапкер Айгерім Қауқанованың арызын ішінара қанағаттандырды.
null 

«Айгерім Қауқанованың пайдасына моральдық шығын ретінде 500 мың теңге, мемлекеттік баж салығына 1135 теңге, сот алдында қорғаған өкілінің шығына 100 мың теңге ҚР Қаржы министрлігінен өндірілсін. Сот алды және сот кезіндегі тергеу жұмыстарындағы қорғаушының қызметі үшін 1 миллион 75 мың теңге сұралған арыз қанағаттандырусыз қалдырылсын», - деді судья Назымгүл Самарханова.

Сот үкімі күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар