Ақтөбелік кәсіпкерлер мүгедек адамдарды жұмысқа алуға құлықсыз

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мүгедектерге жұмыс ұсынатан кәсіпорындар аз. Қазір әртүрлі топтағы мүгедектерге 200 мекеме жұмыс тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл 37 мыңнан астам адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысты. Олардың қатарында тұрақты, әлеуметтік жұмысқа орналасқандар, несие алып, кәсібін бастағандар, жастар тәжірибесі бойынша еңбекке араласқандар бар. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 4,8 миллиард теңге бөлініп, қаржының 83 пайызы игерілген.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, кәсіпорындар мен түрлі мекемелер мүгедектерге арнайы квота бөліп, жұмыспен қамтуы тиіс болғанымен, көбі жұмысқа немқұрайлы қарайды.

«Мекемелер мүгедектерді жұмысқа алуға ынталы емес. Әрі мүгедек адамдар белгілі бір мекемелерде ғана жұмыс істей алады. Біз оларды еңбекке араластыруға күш салып жатырмыз. Мәселен, саңыраулар қоғамында да жұмыс орындары бар. Барлығы 200 мекеме квота беріп, 217 адамды жұмысқа алды. Ал квота бөлу талабының орындалғанын немесе орындалмағанын біз тексере алмаймыз»,- деді Қайрат Отаров.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 24 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 3 мыңнан астамы бала. Мүгедектерге «Инватакси» қызметі қарастырылған. Биыл бұл қызметке 33,5 миллион теңге бөлінді. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданындағы такси қызметі енді Мұғалжар мен Алға ауданында ашылады.

Қайрат Отаровтың айтуынша, Ақтөбеде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Ресми мәлімет бойынша қазір 1 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр. Ақтөбеге көлікке техникалық қызмет көрсету орталығының шебері, дәнекерлеушілер мен темір ұстасы қажет.

Соңғы жаңалықтар