Ақтөбелік ғалымдар қорғандардың жойылып бара жатқанына алаңдап отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ТМД елдерінің ғалымдары «Марғұлан оқулары - 2018» ғылыми-практикалық конференциясында бас қосады. Конференция кезінде «Ұлы Жібек жолының сакралды географиясы», «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы талқыланбақ. Ақтөбелік ғалымдар өндіріс дамыған кезде қорғандардың қорғаусыз қалғанын алға тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғалымдар экономиканың қарқынды дамуына қарсы емес. Бірақ біз қорғанды қорғауға алмасақ, жағдай мұнан әрі қиындай түседі. Ақтөбе қаласында жеке тұрғын үйге жер беріліп жатыр. Өткен жылы сондай құрылыс жұмыстары кезінде тарихи жәдігерлерді сақтап қалуға мүмкіндік туды. Қазір Сазды су қоймасы, 41-разьезден берілген жерлерде қорғандар бар. Бәріне жер берілді, коммуникациялық желілер тартылды. Бәрі шешіліп болған соң біз барып зерттеу жүргіземіз. Ал шын мәнінде әкімдік жерді бермес бұрын комиссия құрамына археологтарды алуы шарт. Сонда ғана біз тарихымызды сақтап қала аламыз», - деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша өкілі, археолог Арман Бисенбаев.

Ғалымдар мен зерттеушілер де қорғандардың нақты санын айта алмайды. Бірақ әр ауылда киелі жер барын, үй салмас бұрын зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды екенін жасырмайды. Әрі өндіріс, ауыл шаруашылығы құрылымдары тек айыппұлмен құтылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса бұл үрдіс тоқтамайды деп отыр.

«Заң жобасын Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері ұсынып отыр. Ұлттық музей мен Ә. Марғұлан атындағы археология институты талқылауға қатысады. 1992 жылы қабылданған заң біздің құнды жәрігерлерімізді сақтай алмай отыр. Заңдағы баптар әлсіз, кәдеге аспай жатыр. Президент бай мұраны сақтау керек деп тапсырды. Ал өндіріске, ауыл шаруашылығына берілген жерлерде ескерткіштер жойылып жатыр. Ешкім өзіне жауапкершілікті жүктемейді. Әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салады. Ал Кеңес Одағында ескерткішті бұзған адам 5-8 жылға бос бостандығынан айырылатын болған», - деді Арман Бисенбаев.

Айта кетейік, «Марғұлан оқулары - 2018» ғылыми-практикалық конференциясы екі күнге жалғасады. Конференцияға Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Самара, Уфа, Новосібір, Киев, Баку, Ташкент, Бішкек, Нөкіс, Әзербайжан мен Қырғызстаннан ғалымдар, тарихшылар қатысады. Музей қызметкерлері де шақырылған. 

Соңғы жаңалықтар