Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 14 °С
Алматы: 9 °С
USD 326.17 EUR 401.25
RUB 5.31 CNY 51.84
Жаңалықтар

Ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқандардың үйлерін аралауға кірісті

2018 жылғы 17 сәуір 15:35 845
Бөлісіңіз:
Ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқандардың үйлерін аралауға кірісті

  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік дәрігерлер балаларына екпе салдыртудан бас тартқан ата-аналармен кездесу үшін олардың үйлеріне барды. Олардың бірі дәрігерлердің түсіндірмесіне құлақ асқысы келмесе, бірі есіктерін мүлдем ашпаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Павлодарда масаларды улаумен ұшақтар айналысады Қазақстандық әйел Таиланд ауруханасынан елге жеткізіледі - Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам бала екпеден бас тартқан болса, оның 2600-ге жуығы Ақтөбе облысында тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, облыстар арасында баласына вакцина жасатпағандардың көшін Ақтөбе бастап тұр. Сондықтан әр ата-анамен жеке кездесіп, олардың қарсы болу себебін білу үшін бүгін дәрігерлер үйді-үйді аралады.

«Биыл бірінші тоқсанда 130 бала екпе алмады. Шынын айтқанда, екпе алмағандарды көндіргенімізден жаңа туған сәбиіне вакцина бермеген адамдардың саны басым болып кетті. Кабинетте отырмай пәтерлерді аралап, дәрігерлерге семинар өткізіп жүрміз. Аудандарға да бардық. Бас тартқандардың 70 пайыздан астамы перзентханадан бастайды. Олар бұрын да екпеден бас тартқан, алдыңғы балалары да екпе алмаған ата-аналар. Сөйтіп қатары көбейіп келеді. Көбі дін мен жеке бас көзқарасын алға тартады», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова. Дәрігерлердің айтуынша, қандай да бір заң қабылданбаса, бұл күрес үздіксіз жүре береді.

Ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқандардың үйлерін аралауға кірісті

«Вакцинацияның зияны бар деген фильмдерде еш негіз жоқ. Ол жерде өзін ғалыммен деп таныстырған адамдар табылмады. Сонымен қатар, олар зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. Мәселен, Алматының акушер-гинекологі бір фильм таратты. Мен оны танимын, білемін. Ол қояндарға тәжірибе жасап, өз тұжырымын дәлелдемек болды. Бірақ ол зерттеуді ғылыми институт растамады. Ғылымда дәлелденген факт бойынша вакцинация аутизм, туа бітті сал ауруына әсер етпейді», - деді Светлана Есенаманова.

Кездесуге «Нұр ғасыр» мешіті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің қызметкерлері мен дәрігерлер қатысты. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл бірінші тоқсанда бұрын екпе алмай жүрген 56 баланың ата-анасы келісімге келіп, алдын алу шарасын бастады. Түсіндірме жұмыстары әрі қарай жалғасады.

«Менің қызым екі жаста. Ол аллергияға шалдыққан. Сондықтан дәрігерлер екпе жасатуға тыйым салды. Діни көзқараспен қарсылық білдірмедім. Бірақ өзімнің тағы бір ұсынысым бар. Екпе жасатқан кезде бізге дәрі құрамын жазып берсе дейміз. Әрі екпе кезінде ауруы асқынған балаға кім жауапты?» - деді Ахмет Мұталиев.

Айта кетейік, егер балаға суық тиіп, қызуы көтерілсе, оған екпе жасалмайды. Ал дәрігер екпеге рұқсат берген жағдайда бар жауапкершілікті өз мойнына алады. Бүгін дәрігерлер екпеден бас тартқан бірнеше адамның үйіне барды. Колихтер отбасында екі бала екпе алмаған. Светлана Верич екі жастағы жиендеріне екпе жасатуға қарсы екенін жеткізді. Дәрігерлер алдағы уақытта кездесуге келіп, жан-жақты ақпарат алуға шақырды.

Ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқандардың үйлерін аралауға кірісті

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат