Ақтөбедегі жол апатында зардап шеккен екі адам облыс орталығында емделіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Кеше «Самара-Шымкент» тасжолында автобус аударылып, 9 адам қаза болды. Қазіргі кезде зардап шеккендердің екеуі Ақтөбе қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Қабырғасы сынған автобус жүргізушісін құқық қорғаушылар күні-түні күзетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самара-Шымкент» бағытындағы автобус аударылып, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті оқиға орнында 9 адамның қаза болғанын мәлімдеген болатын. Сол жол апаты кезінде ауыр жарақат алған екі адам облыс орталығына жеткізіліп, ақтөбелік дәрігерлер ем жүргізіп жатыр. «Автобус аударылып, бірнеше адам қаза тапты, бірнеше адам зардап шекті. 21 адамның ішінен алтауы санавиацияның көмегімен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді. Екі науқасты Ақтөбе қаласына әкелдік. Біреуі облыстық жедел жәрдем ауруханасында, біреуі облыстық ауруханада жатыр. Жедел жәрдем ауруханасына түсіп, ем қабылдап жатқан адам - көлік жүргізушісі. Оның бірнеше қабырғасы сынған, басына зақым келген, терісі сырылған. Науқастың жағдайы тұрақты, бірақ орташа ауыр. Екінші зардап шегушінің бүйрегіне зақым келген. Жазылып шығады деген ойдамыз»,- деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.

Айта кетейік, екі науқас та есін біледі, сөйлейді. Әзірге оларды туған-туыстары іздеп келген жоқ. «Шетел азаматтары болған соң біз тікұшақты емес, көлікті жібердік. Оларға травматолог, хирург, нейрохирург, қан тамырлары хирургінен құралған екі бригада жіберілді. Науқастарды қарап, төртеуін аудандық ауруханаға жіберді. Қазіргі кезде автобус жүргізушісін құқық қорғаушылар күні-түні күзетіп отыр», - деді Р.Арыстан. 

Соңғы жаңалықтар