Ақтөбедегі талантты балаларға арналған Жұбановтар әлемі орталығы 100 күнде салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Кәсіпкер Қайрат Мәйтеков 100 күнде Жұбановтар әлемі орталығын салды. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынған орталықты алдағы уақытта кәсіпкердің өзі қаржыландырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында Жұбановтар әлемі орталығы бой көтерді. Қазіргі уақытта өнер ордасының құрылыс жұмыстары аяқталып, музыка, сурет, би үйірмелеріне қажетті жиһаздар мен құрыл-жабдықтар сатып алынып жатыр. Алдағы уақытта бұл жерде шығармашылық кештерін өткізуге, кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндік болады. Ағайынды Жұбановтардың ұрпақтары музейді жабдықтауға, түрлі шеберлік сабақтарын өткізуге уәде етті.

«Жұбановтар әлемі орталығын ашу идеясын Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Өңірдің зиялы қауымы басқосатын орын болады. Жазушы, суретші, әнші, ақындар осы орталықта басқосып, пікір алмасады. Жас талантты танытатын, олардың шеберлігін шыңдайтын бірегей орынға айналмақ. Бұл орталыққа өзіміз қаржы салып, әрі қарай бақылауымызда ұстаймыз. Құрылысқа 300 миллион теңге жұмсалды. Бар болғаны 100 күнде салынды. Мұндай шығармашылық орталық елімізде жалғыз. Өнер адамдарына демеушілік жасап, қайтарымсыз қаржы салып, ғимарат салған адам туралы әлі естімедім»,- деді Жұбановтар әлемі орталығының директоры Лаура Амангелдиева. Жаңа ғимарат ресми 1 желтоқсан күні ашылады. Мұнда барлығы 50 адам жұмыс істейді.

Кәсіпкер Қайрат Мәйтеков Ақтөбеге тарту еткен шығармашылық орталықты әрі қарай қаржыландырады. Шығыны көп, табысы жоқ орталық үшін жылына 15-20 миллион теңге салуға дайын.

Мәйтековтер отбасы мүгедектерге, жетім балаларға көмектесіп отырады. Өткен жылы көпбалалы отбасыға баспана сатып алып беріп, өздері білім алған мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.  

«Бізге телефон шалып, мұндай қадамға неге барғанымызды сұрайтындар көп. Дағдарыс, киім мен тамақ қамы деп айтқанымен, адам рухани байлығы туралы ұмытпауы керек. Тек табыс тауып, баюдың жолын іздеуге болмайды. Табыс тапқан адам оны бөлісіп, жан-жағына көмектесуі керек. Өз ісіңнің ізі қалуы керек. Мәселен, Жұбановтар отбасы. Олар білім, музыка саласына өшпес із қалдырды», - деді Лаура Амангелдиева.

Бұл орталықты Жұбановтар отбасының ұрпақтары көріп, алғысын білдірген. Алдағы уақытта олар тығыз байланыста болып, Жұбановтардың музейін жабдықтауға көмектеседі. 

Соңғы жаңалықтар