Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендер қысқа дайын ба?

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдар жаз бойы далада тұрып, баспананы кептірді. Бірақ әлі де үй дымқыл, кейбірі қаржы тапшылығынан қысқа дайындалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде Қисықкөл бау-бақша ұжымында тұратындар бір түнде үйлерін тастап кеткен болатын. Бәрі су астында қалды. Тұрмыстық техника, киім-кешек пен азық-түлік жарамсыз күйге түсті. Баспанасы қирағандар жер алып, үй салып жатыр. Ал үйі сол күй сақталғандар мамыр айында қайта оралып, жаз бойы далада тұрған. Күн салқындап, күз келгенде олар ылғалдың кеппегенін айтып шағымданып отыр. Көбі зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар.

«Үйіміз су астында қалған кезде мектепке барып, кейін пәтер жалдап тұрған едік. 22 мамыр күні үйге келіп, тұрмыстық техника, төсенішті далаға шығарып қойдық. Есік, терезені ашып, кептірілді. 1 шілде күні еден тақтайшаларын қайта төсеп, дайындық жүрді. Қабырғаларды қайта әрледі. Күн жылы, тіпті ыстық. Сонда да біз үйге от жағып отырмыз. Себебі, сыз бар, балаларымыз күнде ауырады»,- деді Саодатхан Мырзабаева.

Бұл отбасы су тасқынынан соң «Қолқанат Ақтөбе» қорынан 300 мың теңге көмек алды. Қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пешті қайта салды. Бірақ көктемгі судың ызғары қайта шықты.

«2 жастағы қызым бесікке жатады. Ал өзгесі жерде ұйықтайды. Таңертең тұрған кезде денеміз ылғалданып, төсек орнымыз иістеніп кеткенін білеміз. Үйге кіріп, тыныс алу мүмкін емес. Қалалық әкімдік қаржы берді, біз жөндеу жұмыстарынан соң бәрі жақсы болады деп жоспарлаған едік. Бірақ үмітіміз ақталмады, үйімізде тұру мүмкін емес. Пәтер жалдап тұруға 60 мың теңге жалақы жетпейді»,- деді Саодатхан Мырзабаева.
null

Ал Күләнда Мырзабаева су тасқыны кезінде тек құжаттарын алып, далаға шықты. Тұрмыстық техника мен төсенішін, киімдерін, төсегін жинап, сақтап қала алмады. Несиеге алған теледидары істен шыққан, ал тоңазытқыш бірнеше айдан соң қайта іске қосылды. Бұл отбасы әкімдікке көмек сұрап барып, 100 мың теңге алды.
null

«Сәуірде үйіміз суға кетіп, пәтер жалдауымызға тура келді. Кейін әкімдіктен көмек сұрап, олар 100 мың теңге берді. Ай сайын 30 мың теңге төлеп, өзгесі азық-түлікке жұмсалды. Жаз бойы аулаға күрке құрып, жан сақтадық. Қазір күз келді, күн мен түн салқын. Біз от жағамыз, бірақ пешімізді әлі салмадық. Себебі, ақшамыз жоқ. Қалалық әкімдік бір реттік көмектен соң қордан қаржы бөлінбейтінін баса айтты. Олар ақша бермесе қыста үсіп кетеміз. Кімнен көмек сұраймын, оны да білмей отырмын. Бұрын әкімдік қызметкерлерін танымайтын едік, енді бәрінің қайда жүретінін, қандай кабинетте отыратынын жаттап алдық. Бірақ одан еш пайда болмай тұр»,- деді Күләнда Мырзабаева.
null

Бұл отбасына ауылға көшуге ұсыныс жасалған. Бірақ зейнет жасына жақындағанда сиыр сауып еден жууға мүмкіндігіміз, денсаулығымыз сай келмейді деп ұсынысты қабылдамады.

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде кәсіпкер қыз-келіншектер «Қолғанат Ақтөбе» қорын құрып, қаржы жинады. Ірі мұнай компаниялары мен екінші деңгейлі банктер, қаладағы құрылыс компаниялары қаржы бөліп, аудандар жағдайы төмен отбасыларға пәтер алып берді. Дегенмен су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылар берілген көмектің жан-жақты қамтылмағанын айтып, қысқа мүлде дайындалмағанын көрсетті.
null

«Әрбір отбасы жеке қаралды. 40-400 мың теңге аралығында ақшалай көмек алған адамдардың құжатына қарап, қаржы бөлінді. «Қолғанат Ақтөбе» қоры адамға бірнеше жыл бойы көмек көрсетіп отыра алмайды. Әр адам өзі тіршілік жасауы керек. Сонымен қатар, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 100-ден астам отбасыға 70 мың теңге көмек берілді. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады. Бір айта кетерлігі, қор бір рет ақша береді, қайта көмек көрсетпейді»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева.
null

Соңғы жаңалықтар