Ақтөбедегі қарттар үйінің тұрғындары қымбат тондар мен теледидарға көп тапсырыс береді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жобалық-сметалық құжат жыл сайын әзірленеді, бірақ қаржы бөлінбейді. Ал арнайы есепшотқа зейнетақысының 70 пайызын аударып отырған интернат үйінің тұрғындары құндыз тондар мен теледидарға тапсырыс беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйі соңғы рет 2010 жылы жөнделді. Содан бері жаңарту жұмыстары жүргізілмеген. 2015 жылы жаңа жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттен қаржы сұралды. Бірақ мәселенің мән-жайын біліп отырған басшылар қарттар мен мүгедектерге қаржы бөлуге асығар емес.

«Жөндеу жұмыстарына ақша сұрап, ала алмай отырмыз. Құжаттары дайын, бірақ қаржы жоқ. Жыл сайын ақша сұрасақ та, қаржы бөлінбей келеді. Бізді тексереді, сол кезде әкімдікке жазған хаттарымызды көрсетеміз. Егер жөндеуге қаржы бөлсе, кемшіліктерді түзетер едік. Интернат үйі жөндеуді қажет етеді, ол жасырын емес. Сонымен қатар қаңтарда бізде шығым көбейеді. Ол кезде мемлекеттік сатып алу жүргізілмеген соң азық-түлік жеткізушілермен өзара келісім жасаймыз. Жыл басында бізге тамақ алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қиын», - деді Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі директорының міндетін атқарушы Болат Исаев.
null

Зейнеткерлердің тапсырысы

Зейнетақының 70 пайызы арнайы есепшотқа сақталады. Бұл шешімнен соң зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстары дұрыс жеткізілмеді, таныстырылмады. Кейін алауыздық туып, басшылардан өз қаржысына киім-кешек пен тұрмыстық техника сатып алып беруін талап еткендер көбейді.

«Зейнеткерлер әлі күнге дейін өздерінің ақшасын санап, «сіздерде менің мынадай ақшам бар» деп талап қояды. Зейнетақының 70 пайызын арнайы есепшотқа аудару туралы министрлік бұйрығы қолымызда, қосымшада алуға болатын заттардың тізімі жасалған. Өзгесін алуға құқығымыз жоқ. Біреуі «мынадай ақшам жиналған, плазмалық теледидар алып бер» десе, екіншісі «қымбат тон алып бер» деп талап қояды. Сонымен қатар, зейнетақының 70 пайызын арнайы есепшотқа аудара бастаған кезде қарттардың туған-туыстары келмей қалды. Оған да бізді кінәлайды», - деді Болат Исаев.

Қарттар мен мүгедектер үйінде қылмыстық жазасын өтеп келген адамдар да бар. Қызметкерлерді балағаттап, күтушілерге жеке ұсыныс айтатындар да бар.

«Қылмыстық жазасын өтеп келген адамдармен жұмыс істеу қиын. Қарияларды бағып-қағатын қызметкерлерімізге тиісіп, кейде ақысына жыныстық қызмет көрсетуді сұрайды. Ол кезде қызметкерлеріміз арыз жазып, бізден көмек сұрайды. 32 мың айлығы бар жұмысты ауылдан келген, бала-шағасын асырып жүрген, бау-бақшаны паналаған адамдар ғана істейді. Көп адам бұл жұмыстан қашады»,- деді Б.Исаев.
null

Жетім балаларға шұлық тоқиды

Сәлима Құрманғаликеліні 9 жылдан бері қарттар үйінің тұрғыны. Екі баласы мен күйеуі әр жылдары көз жұмып, жалғыз қалған соң қарттар үйін паналауға шешім қабылдаған. Немерелері бар. Зейнетақы алған кезде шөберелерін көруге барады, сағынышын басады.

«Жалғыз қалған адам өзіне күтім жасай алмайды. Сондықтан қарттар үйіне келдім. Алғашында жалғыз тұрдым, қазір жанымда өзім секілді кемпір бар. Бір-бірімізді сүйеп, демеп жүреміз. Мен 35 жыл бойы жұмыс істеген адаммын. Есепші, кітапханашы болдым. Кейін қарттар үйіндегі асхана, тазалық жұмыстарына көмектестім. Қазір ештеңеге араласпаймын, тек жетім балаларға шұлық тоқып беремін. Жыл сайын жинап, жетім балаларға апарады екен, мен өз үлесімді қосып жүрмін. Сосын сөзжұмбақ шешуді ұнатамын»,- деді Сәлима Құрманғаликеліні.

78 жастағы қария немере-шөберелерінің ақ әже деген сөзін есту үшін ай сайын ауылға барып, олармен кездесіп тұрады екен.  
null

Қарттар үйінің батагөй ақсақалы

2010 жылы қарттар үйіне барған Тәуелкел Қанаев Қызылорда облысы, Арал ауданында өскен. Кейін Ақтөбедегі теміржол көпірлерінің құрылысын жүргізді, вахталық әдіспен үзіліссіз жұмыс істеді. Тәуекел Қанаев адам өлтіргені үшін жазасын өтеп, үйленбеген. Ақпаратты жиі оқып, әлем, ел жаңалықтарын қалт жібермейтін ол қазақ тілінің жанашыры әрі ақын. Жыр шумақтарына арналған дәптері бар.

«Бұрын істі болған, қылмыс жасаған адамды кім ұнатады? Үйленбедім, жалғыз қалған соң қарттар үйіне келдім. Жалғыз ағам бар еді, ол көз жұмды. Қарттар үйінде бәрі жақсы, тамағын уақтылы береді. Күтімімізге сын айта алмаймыз. Өзім 70 жастамын, зейнеткермін. ІІ топ мүгедектігін алып, арбаға тапсырыс бердім. Екі аяғымда жан бар, бірақ буыным ұстамайды»,- деді Тәуелкел Қанаев.

Ол жасы кішіге бата береді, тілек айта алмайтын қарияларға реніш білдіреді. Бата бере алмайтындарды сынайды, қазақ тілін үйренуге кеңес береді.

Айта кетейік, қазір қарттар мен мүгедектер үйінде 200-ден астам тұрғын бар. Олардың тең жартысы мүгедек. Ең жасы - 29 жаста. 

null

Соңғы жаңалықтар