Ақтөбедегі қарттар үйі әлеуметтік желі арқылы сын айтқан тұрғынды сотқа берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі әлеуметтік желі арқылы қарттар үйінің тамағы нашар, ал жұмысшылар қариялардың киім-кешегін ұрлайды деген ақпарат таратқан Надежда Иванникованы сотқа берді. Интернет үйі моральдық шығынды қайырымдылық қорына аудармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінде 239 адам бар. Олардың тең жартысы мүгедек, өзгесі жасы келіп, бойынан қауқары кеткен қариялар.

Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі директорының міндетін атқарушы Болат Исаевтың айтуынша, зейнетақының 70 пайызы арнайы қорға жиналып, сақталады, қажетті заттарға жұмсалатындығы туралы бұйрықтан соң интернеттан 40 адам кетіп, балаларына оралған.
null

«Интернат үйінде жататын адамдардың туған-туыстары, балалары зейнетақы беретін кезде келеді. Сондай бір күні кешкі асқа картоп езбесі мен қуырылған балық берілген. Егер қарттар үйінің тұрғыны төсегінен тұра алмаса, асханаға бара алмаса, тамақты бөлмелеріне апарады. Қасық ұстай алмайтындарды қызметкерлер тамақтандырады. Олар бір мезгілде бәріне тамақ беріп үлгермеуі де мүмкін. Сол кезде суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберді. Сотқа бердік. Егер ол өз әрекетін растағысы келсе интернат үйінің қызметкерлерін шақырып, сұрап, себебін білуі керек еді. Тіпті қарттарды бағып-қағатын адамдарды ұрлық жасайды деп айыптаған. Бар болғаны 32 мың теңге айлық алатын адамдарға күйе жағуға болмайды. Басшыны жамандап, жұмысымызға қарсылық көрсетсін, бірақ қарапайым қызметкерді кінәлағаны қынжылтады»,- деді Болат Исаев.
null 

Интернат үйі моральдық шығын ретінде 300 мың теңге талап етіп отыр. Бұл қаржы өндірілсе, интернат үйі оны қайырымдылық қорына аудармақ.

«Бұл ақша үшін жазылған арыз емес. Жастар ойлануы тиіс. Сотқа арызды олар жауапкершілікті сезінсе деген оймен түсірдік. Кімде-кім қарттар мен мүгедектер қалай тұрып жатқанын көріп, білгісі келсе интернатқа келсін, жұмысқа аламын. Олар күні-түні жұмыс істеп, жанында жүрсе, жұмыстың жауапкершілігі мол екенін білер еді. Ұнамады деп айту оңай, пікір білдіру жеңіл»,- деді Болат Исаев.
null

Айта кетейік, ақтөбелік тұрғын картоп езбесі мен балық салынған кешкі асты суретке түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан болатын. «Мынау кешкі ас. Нан, шай, қасық, шанышқы, майлық жоқ. Не айтасыздар? Бұл бассыздықты біреу бақылай ма? Қашан қарттарға толыққанды жағдай жасалады? Қазір зейнетақының 70 пайызын алып отыр... Зейнетақы мөлшері де артты»,- деп өз ойын қалдырған Надежда Иванникова zhalobnaya_kniga_aktobe аккаунтында.

Сот шешімді дүйсенбі күні шығаратыны күтілуде.

Соңғы жаңалықтар