Ақтөбедегі газ құю станциялары арнайы құжаты жоқ көліктерге қызмет көрсетпейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  - Ақтөбедегі газ құю бекеттері арнайы құжаты бар, газбен жүретін құрылғы үшін рұқсат алған жүргізушілерге ғана қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбеде газ тапшылығын жою бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс әкім Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілетінін мәлімдеген болатын. Қазіргі күні қаладағы газ құю станцияларында арнайы хабарлама ілулі тұр. Енді көлігін газға ауыстырған жүргізушілер арнайы құжатын көрсетуге міндетті. Ал егер көлік тіркелмесе, газ құюға шектеу қойылады.

«Ақтөбе облысы бойынша 37 мыңнан астам көлік газбен жүреді. Желтоқсан айына 9 мың тонна газ бөлінді. Газ теміржол, автожол арқылы жеткізіліп жатыр. Тәулігіне өңір көліктеріне 350 тонна қажет деп есептегенде жыл соңында тапшылық қайта сезілуі мүмкін. Сондықтан газ жеткізушілер тек арнайы рұқсат қағазы бар, жол полициясына тіркелген көліктерге ғана қызмет көрсету акциясын қолға алды. Ал тіркелмеген көліктерге газ берілмейді. Біз осы акцияны өткізуге мәжбүр болып отырмыз», - деді Ақтөбедегі газ тасымалдауышылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Алтынай Мұханова.

Әлеуметтік желіні бақылап отырған қауымдастық өкілдері талапқа қарсы шыққан жүргізушілердің тіркелмегенін айтып отыр.

«Біз осы талапқа қарсы шығып отырған жүргізушілерге көмектесуді жоспарлап отырмыз. Егер газбен жүретін көліктің нақты саны белгілі болса, біз Энергетика министрлігіне сұраныс беріп, газ көлемін арттыра аламыз. Бізге көліктің нақты саны керек», - деді А.Мұханова.

Айта кетейік, газ тек арнайы есепке алынған, жол полициясына тіркелген көлік иелеріне беріледі. Бұл акция екі айға созылады. 

Соңғы жаңалықтар