Ақтөбедегі дала өртіне қатысты істі прокуратура бақылауына алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылында болған дала өрті кезінде 4 адам қаза болды. Қылмыстық істі аудан прокуратурасы бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі дала өрті кезінде Сұлукөл ауылының әкімі Батырбек Бірлепесов, мұғалім Жолдыбек Әбдісәлімов пен мектептегі жұмысшы Жомарт Смаилов, жеке шаруашылықта еңбек еткен Жаңабай Әбішев көз жұмды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақтөбеліктер өрт кезінде қаза болған ауыл азаматтарын кеше ақтық сапарға шығарып салды. Бүгін Жомарт Смаилов Жаңабай Әбішевті жерлеу рәсімі өтті. 

Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Қылмыстық істі прокуратура бақылауға алды . 

«Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы дала өрті кезінде қаза болғандарға қатысты істің тергеу жұмыстарын бастады. Кодекстің «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» тармағы бойынша іс қаралып жатыр. Іске Әйтеке би ауданының процессуалды прокуроры жетекшілік етеді»,- деді Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.

Соңғы жаңалықтар