Ақтөбедегі алып зауытта жұмыс істейтін краншылардың тең жартысы - әйел

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін кран машинисінің тең жартысы - әйел. Ер азаматтармен тең жұмыс істейтін нәзік жандылар қиындықты табандылықпен жеңіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ер адамдармен бірге әйелдер де жұмыс істейді. Олардың көбі краншы мамандығын игерген. Гүлдана Дүйсенғалиева салмағы 20 тонналық, биіктігі 12 метр болатын кранға күн сайын көтеріліп, жүкті вагондарға тиеп, түсіріп береді.

«Бала кезімде дәрігер болуды армандадым. Балалық арманым жүзеге аспағандықтан әртүрлі салаларда қызмет жасадым. 2012 жылы жұмыспен қамту орталығының көмегімен краншылар дайындайтын курсты бітіріп шықтым. Содан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының дайын өнім цехына жұмысқа келдім. Тәжірибем аз болғандықтан жұмысқа келгенде өз ісінің шебері атанған тәлімгер Сәнімгүл Жұмағалиеваның қарауында болдым. Алғашқы күні кранды басқаруға қорықтым. Себебі, төменде тұратын адамдардың өмірі бізге байланысты, жүкті де өз ретімен тиеу керек. Бала кезімнен биіктіктен қорқатын едім. Бұл да қорқынышымды үдетті. Бірақ бірнеше күн тәлім алып, бәрін үйрендім. Қолым да, көзім де үйренді. Қазіргі кезде крансыз өмірімді елестете алмаймын. Осы жерден зейнетке шыққым келеді», - деді Гүлдана Дүйсенғалиева.

Кран іші қыста суық, жазда ыстық болады. Бірақ кран басқаратын нәзік жандылар жұмыстың бұл қиындығынан қашқан емес.

«Біздің цехтың өзінде 31 кран машинисі ауысыммен жұмыс істейді. Оның тең жартысы - әйелдер. Өндірістегі жұмыстың 90 пайызы кранның көмегімен атқарылады. Кран машинисі күнделікті тапсырманы төмендегі ілуші маманмен бірге атқарады. Екі маман бірлесе негізгі жұмысты атқарады», - деді дайын өнім цехының аға өндіріс шебері Александра Урбисенова. 

Соңғы жаңалықтар