Ақтөбеде жасөспірімдерге арналған сенім телефоны іске қосылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Мәселе жоқ!» атты жоба аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефоны іске қосылды. Бұл суицид, ерте жүктілік, ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, алдын-алуға бағытталған жоба, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы балалар мен жасөспірімдердің басындағы қиындықтар мен ересектердің оларға көрсеткен зәбірін көрген үкіметтік емес ұйым өкілдері сенім телефонын іске қосты. 909-000 телефон нөмірі үзіліссіз, демалыссыз балаларды тыңдайды, мәселелерін шешуге көмектеседі.

«Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығына аптасына 1-2 адам хабарласып көмек сұрайды. Ал балалар мен жасөсіпірімдің шағымы мен арызы қайда түсіп жатқанын білмейміз. Сондықтан жаңа жобаны қолға алып, облыстық білім басқармасымен бірге жұмыс істеуді жөн көрдік. Мәселен, бізге өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыздың көршісі хабарласып көмек сұрады. Біз барған кезде жасөспірім көпқабатты үйдің шатырына шығып, секіруге дайындалып отыр екен. Ұзақ уақыт келіссөз жүрді. Сөйлесе келе бір ер адамнан жүкті болғанын, алып қашып, бірге тұрған соң жігіті одан бас тартып, үйден қуып жібергені анықталды. Анасы да алғашында қызы туралы естігісі келмеді. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ана мен қызын татуластырды. 17 жасында қиын жағдайға тап болған қыз қазір жұмыс істейді, баласын өзі тәрбиелеп жүр», - деді Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығының төрайымы Айгүл Дүйсенова.

Ақтөбедегі сенім телефоны балаларға құқықтық, психологиялық көмек береді. Жоба авторлары тегін қызметті іске қосып, нәтижелі жұмыс істеуі үшін 7 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ. 

Соңғы жаңалықтар