Ақтөбеде үздік ауданға 10 млн теңге сертификат берілді

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Туған жерім - нұрлы елім» атты аудан күндері қорытындыланды. Үздік ауданға 10 миллион теңге берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің әр ауданы жаз бойы мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырып, қайырымдылық акциясын өткізді. Ақтөбе қаласында көше күндері өткізіліп, Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтарын ән мен биге бөлеген аудан халқы киіз үй тігіп, тарихи жәрігерлер көрмесін жасады. Бір-бірімен жарысқа түскен аудандар бүгін үздіктерін анықтады.

 «Біздің міндетіміз - ұлтымыздың өнерін, салтын, әдебиетін, дәстүрін келесі ұрпаққа жеткізу. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттердің бірі өнер, мәдениет, әдебиетімізге заман талабаны сай жаңалықты енгізу қажет. «Туған жерім - нұрлы елім» акциясын өткізгенде де осы мақсатты көздедік. Ақтөбеде тұрып жатқан азаматтарға, Ақтөбеде туып, басқа жерде өмір сүріп жатқан жерлестерімізге туған еліне, Қазақстанға, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсат болды. Жаз бойы әр аудан, Ақтөбе қаласы, ауылдық округтер күндерін өткізді. Ауданның мүмкіндіктерін, жетістіктерін көрсетуді көздеп, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесу ойға алынды. Әлі де болса кемшіліктер бар. Әр нәрсе басшыға байланысты. Әкімі мықты болса, шара жақсы өтеді. Таланттар бар, оларды іздеп, танытып, қолдау керек. Олар Ақтөбеде ғана емес, Қазақстанда, шетелде өз атын танытады»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы өз сөзінде ағайынды Жұбановтар отбасының өнері елге, әлемге танылғанын мысалға келтірді.

 Айта кетейік, «Туған жерім - нұрлы елім» шарасы кезінде Хромтау ауданының «Замандастар» халықтық әжелер хоры «Маусымжан», Байғанин ауданынан келген «Ақниет» отбасылық ансамблі «Гүлдер-айым» әнін орындады. Қарғалы ауданының фольклорлық ансамблі «Ложкари» атты композициясын, Шалқар ауданы театрландырылған әдеби-музыкалық қойылымын ұсынды. Мерекелік кеш соңында жеңімпаздар марапатталды. Алғыс хат және 1 миллион теңге сыйақы спорттық шараларды үздік ұйымдастырған Шалқар ауданы, үздік көрме ұсынған Байғанин ауданына берілді. Үздік көше мерекесін ұйымдастырғаны үшін «Тарихи есім - ұрпаққа ұлағат» номинациясы бойынша Ойыл ауданына 1,5 миллион теңге тапсырылды. Мәртөк ауданы да 1,5 миллион теңге алды. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін үздік ұйымдастырған Темір ауданы болды. Бұл ауданға 2 миллион теңге бұйырды. «Өнерімен өрісті» номинациясын Мұғалжар ауданы иеленді. Ал бас жүлдені Қобда ауданы алды. Ауданға 10 миллион теңгенің сертификаты берілді.

 

Соңғы жаңалықтар