Ақтөбеде үлгілі студенттер облыс әкімінің стипендиясын алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алатын 285 студент облыс әкімінің стипендиясын алды. Сонымен қатар, оларға «Жас Ақтөбе» жастар сыйлығы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе жастары үшін қуанышты күн. «Мен Ақтөбені таңдаймын!» жастар кешіне жастар ұйымдары, белсенділер, аудандағы жастар, жоғары оқу орны мен колледж студенттері қатысты. Мерекелік шараға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының төрағасы Тоқтар Болысов, «Қазақстан КТК Одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есен Елеукен де келді. Барлығы 285 студент арнайы Ақтөбе облысы әкімінің стипендиясын иеленді. Олар: аз қамтылған отбасылардың балалары, үздік, белсенді студенттер. Жоғары оқу орындарының 220 студентіне 140 мың теңгеден, ал колледждің 65 студентіне 80 мың теңгеден стипендия тағайындалды.
null 

«Әрбір ұлттың, мемлекеттің, қоғамның дамуы жастарға байланысты. Жастарда жігер, қайрат, жаңашылдық, ізденімпаздық бар. Сондықтан әрбір мемлекет өз болашағы үшін жастарға үлкен көңіл бөледі. Ширек ғасырда Қазақстан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір жастардың арқасында Қазақстанды, қазақты бүкіл дүниежүзі біледі. Біздің жастарымыз мәдениетте, білімде, өнерде, спортта Қазақстанның атын шығарып, абыройын биіктетіп жүр. Қазіргі таңда Қазақстанда Ақтөбе жастарының алар орны бар. Ақтөбе жастары Қазақстан сыйлайды, құрметтейді. Қазақстанның жеткен жетістіктерінде Ақтөбе жастарының да үлкен үлесі бар. Бүгінгі шара «Мен Ақтөбені таңдаймын» деп аталды. Әрбір адамның кіндік қаны тамған туған жері болады. Ол өзінің шамасы келгенше сол жерге еңбек етеді. Әрбір қазақстандық азамат, оның ішінде жастар өзінің елін, өз ұлтын сүйіп өсуі керек. Өз Отанына еңбек етуі тиіс. Еңбегімен, білімі, өнерімен өз мемлекетінің, ұлтының абыройын асқақтату керек. Жастар мен ақтөбелікпін деп мақтануы керек. Мен Ақтөбеде білім алдым, тәрбие алдым, қазір Ақтөбенің атын шығарып жүрмін деп айтуы тиіс»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы стипендия тағайындау кезінде мұқият болуды, аса мұқтаж отбасы балаларына қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданынан келіп, білім алып жүрген Қолғанат Бақытжан спорттық жарыстарға жиі қатысады. Ол республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Анасы пошта қызметкері, әкесі 1986 жылы ел тәуелсіздігі үшін алаңға шыққан жастардың қатарынан табылды.

«Әжем Шахизат Амантаева педагог. Ол бізге жақсы тәрбие, білім берді. Қазір мен университетте мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Бүгін Ақтөбе облысы әкімінің стипендиясына ие болдым. Стипендияны субсидия ретінде қабылдадым. Алда жұмыс істеп, сенімді ақтаймын. Қоғамға қаншалықты көп пайдаң тисе, қоғам да саған көмек береді»,- деді студент.

Ал Ақтөбедегі жеке компанияда эколог болып жұмыс істейтін Бердалы Сәрсенов бүгін үздік ерікті атанды.

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшесімін. Біз қайырымдылық және қоғамдық іс шараларға қатысып, мүгедектерге көмек көрсетеміз. Мұқтаж отбасыларға, қарттар үйіне, балалар үйіне барып, концерттік бағдарламаларымызды ұсынамыз, сыйлық тарту етеміз. Екі жыл бұрын әлеуметтік желі арқылы біліп, қатарға қосылдым. Бос уақытымды тиімді өткізіп, адамдарға көмек көрсетуді парыз санаймын. Себебі, мүгедек жандар біздің қамқорлығымызға зәру»,- деді «Ең үздік ерікті» номинациясының жеңімпазы Бердалы Сәрсенов.

«Жас Ақтөбе» жастар сыйлығы иелеріне 100 мың теңге мен диплом берілді. Үздік шығармашылық ұжым, жас көшбасшы, өндіріс саласындағы жас маман, жастар кеңесі, жастар ісі жөніндегі комитет, құқық қорғау органдарының үздік жас қызметкері анықталды.

Айта кетейік, Ақтөбеде 13 жастар ресурстық орталығы бар. «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050» бағдарламасы мен Жастар тәжірибесі іске асырылып жатыр. Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 220 жас ауылға барды. Ал «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан келген 600 студент арнайы білім алып жатыр. «Жасыл ел» жасақтары жыл бойы жұмыс істейді. Биыл 5 мыңға жуық жас жұмыспен қамтамасыз етілді. Статистикаға сүйенсек, Ақтөбеде Үндістан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстаннан келген жастар білім алып жүр.
null 

null 

Соңғы жаңалықтар