Ақтөбеде табаққа тартуға дайын ет сатылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Шалқар ауданында қазақтың салт-дәстүріне негізделіп, сыйлы қонаққа асылатын ет топтамасы шығарылып жатыр. Бұл - елімізде алғаш рет қолға алынған жоба. Жаңа комбинаттың жұмысымен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметімен сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев іссапармен Шалқар ауданына барды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Кайбжанов, облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай және мемлекеттік мекеме басшылары аудан, ауыл халқымен кездесті. Қазіргі уақытта ауданда «Шалқар еті» ет өңдеу комбинаты жұмыс істеп тұр. Байқадам ауылындағы «Нұралы» шаруа қожалығына тиесілі комбинаттың өз ерекшелігі бар. Мұнда ата-дәстүрмен әр сыйлы қонаққа арналған ет бөлшектеліп сатылады.

«Елімізде алғаш рет әр адамға арналған сыбағаны шығарып жатырмыз. Ет асқан кезде адамдар кімге қандай мүше тарту етеміз, қанша адамға ет жетеді деп ойланбайды. Біз шығарған қораптың ішінде арнайы сыбаға бар. Оның кімдерге арналғаны корабында жазулы тұр. Қазір адамдар табақ тартудың жолдарын ұмытып барады. Сондықтан жаңа өнімді ата-дәстүрді жаңғыртып, ыңғайлы етіп шығардық. Сұранысқа ие болады деген сенім бар», - деді ет комбинатының жетекшісі Бердібек Шәкірұлы.

Айта кетейік, мұнда жылына 1800 тонна ет өнімі шығарылады. Шаруашылықта 600 бас ірі қара мал бар. Сонымен қатар, қазы, тұшпара, тартылған ет те арнайы қорапқа салынған. Жаңа комбинат жұмысымен танысқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тек Шалқар ауданының ғана емес, өзге өңірдің шаруаларымен бірлесе жұмыс істеп, ет өңдеу көлемін арттыруды тапсырды.

«Мал басын арттыру керек. Өкінішке қарай, өткен жылы Шалқар ауданында мал басы азайып кеткен. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары да толық орындалмады. Сондықтан бірлесе жұмыс істеп, ата кәсіпті дамыту керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.



Соңғы жаңалықтар