Ақтөбеде су тасқынын алдын алу жұмыстары түсіндірілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймалары бар болғаны 28-49 пайызға толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін төтенше жағдайдар қызметі, су қоймаларының басшылары Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде су тасқынының алдын алу жұмыстарын түсіндірді.

«Қазводхоз» РМК директоры Бекзат Наметовтың айтуынша, су қоймасы мен тасқынға қарсы топтар бірлесе жұмыс істеп жатыр.

«Ақтөбедегі ірі су қоймаларында өткен жылғы жағдай қайталанбас үшін бірнеше жұмыс атқарылды. Ақтөбе су қоймасында 120 миллион текше метр су бар. Ол 49 пайызды құрайды. Ал Қарғалы су қоймасында 106 миллион текше метр су бар. Бұл бар болғаны 38 пайыз ғана. Сазды су қоймасында 2,1 миллион текше метр су бар. Жобалық сыйымдылығы бойынша 28 пайызды құрап отыр. Биыл су аз жиналды. Синоптиктердің болжамы бойынша, Ақтөбе су қоймасына Елек өзенінен 70-130 миллион текше метр су келеді деп күтілуде. Қарғалығы 50-110 миллион текше метр су келуі мүмкін. Болжам мен нақты жағдай сай келсе, ірі су қоймаларынан суды төмен ағызбай, жинаймыз»,- деді Бекзат Наметов. 

Ақтөбе облысы бойынша 132 гидротехникалық құралы бар. Олардың 10-ы елді мекендерді тасқын судан қорғауға арналған. Өзгесі мал, бау-бақшаға қажетті су. Ауылды судан қорғайтын дамбының алтауы Ырғыз ауданында, өзгесі Алға, Қобда, Мәртөк аудандарында орналасқан.

«Өткен жылы Ырғыз ауданындағы 6 дамбыны жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жоба құны - 323 миллион теңге. Биыл қаржының 30 пайызы бөлінді. Жыл соңына дейін қаржы толық бөлініп, дамбыларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Өзге дамбылардың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 2019 жылы күрделі жөндеуден өтеді»,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аққұл Нұржан. 

Соңғы жаңалықтар