Ақтөбеде салынатын аутизм орталығына үздік мамандар тартылмақ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында аутизмге шалдыққан балаларға арнап арнайы орталық салынады. Бұл туралы Ақтөбе облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Құрылысты мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында меценат Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры жүргізеді.

Ақтөбе облысында 24 мыңнан астам мүгедек бар. Оның 3 мыңнан астамы бала. Қазіргі кезде өңірде бірнеше оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Бірақ әлі де балалармен жеке жұмыс істейтін кәсіби орталықтар қажет. Мүгедек балалары бар ата-аналар мен арнайы қоғамдық ұйымдар бұл мәселені Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа айтып, көмек сұраған болатын . Өңір басшысы меценат Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры директорымен кездесіп, меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес құрылысты қайырымдылық қоры жүргізеді. Жаңа орталық мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынады.

«Ақтөбе облысында аутизм диагнозы бар 217 бала тұрады. Біздің міндетіміз - оларға және олардың ата-анасына барынша көмектесіп, қолдау көрсету», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. 

Құрылыс жұмыстарына аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары да қатысады. Олар балалардың денсаулығына тиімді ұсыныстарын айтып, қажетті кеңес бере алады. Мемлекеттік орган, ата-аналар мен құрылыс компаниялары арасында қарым-қатынас орнайды.

null 

Айта кетейік, «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры 2015 жылы «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын таныстырған болатын. Аутизммен ауыратын балаларға оңалту орталығын салу сол бағдарлама жобаларының бірі болды. Қазіргі кезде Алматы, Астана, Қызылорда мен Өскемен қалаларында арнайы орталықтар жұмыс істеп тұр.

«Бағдарлама Қазақстанда аутистік спектр ауытқушылығы бар балаларға көмек көрсетудің озық жүйесін енгізуге бағытталған. Біз осы жоба аясында 15 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз. Өкінішке қарай ересектерге мұндай жағдай жасау мүмкін болмай отыр. Бірақ бұл қордың алдағы жоспарында бар. Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде аутизммен ауыратын балалар қатары көбейіп келеді, өкініштісі, олардың саны дүниежүзінде де артып отыр. Сондықтан қор осы мәселемен айналысуды ұйғарды»,- деді қор директоры Марат Айтмағамбетов.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталықты 2018 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мекемеде аутизм дерті бар балалар мен олардың ата-аналары білікті мамандардан толыққанды көмек ала алады. Мұнда балаларды тексеру мен емдеу, жалпы білім беретін мектепке дайындау кезінде ата-аналарға қолдау көрсетіледі. Бұдан басқа орталық аутист балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлайды.

null 

«Аутизммен күрес мәселесінде мамандарды даярлаудың маңызы зор. Осыған байланысты біз Америка мен Еуропадан үздік мамандарды шақырамыз»,-деді қордық қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман. Орталықтағы барлық қызмет ақысыз жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар