Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде Әбілқайыр ханның 325 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтысқа Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе облыстарынан 18 ақын қатысты. Сөз сайысында ақындар ел бірлігі, ұлт тұтастығы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді жырлады. Барлығы 7 сағаттан астам уақытқа созылған айтысқа ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, дәстүрлі әнші Татаьяна Бурмистрова, ақындар Серік Ақсұңқарұлы мен Серік Қалиев төрелік етті.

Нәтижесінде 12 ақын ынталандыру сыйлығына ие болып, айтыскер ақындар Әлихан Жақсылық, Мейірбек Сұлтан мен Иран-Ғайып Күзенбаев 500 мың теңгенің сыйлығын алды. Екінші орын, 1 миллион теңге Ринат Зайытовқа бұйырды. Ал бірінші орын мен 1,5 миллион теңге ақшалай сыйлықты Болатбек Оразбаев алды. Ал бас жүлде, 2 миллион теңгені ақтөбелік ақын Ершат Қайболдин иеленді.
null 

Айта кетейік, ақындар айтысы кезінде Нартай Тілеуқұл «Көрермен көзайымы» болып, Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылық қолдау және насихаттау қорының арнайы сыйлығын қарағандылық Дидар Қамиев алды.

«Ақтөбеде мейрам, тарихи кезең болды. Халық алдында жүрген ақындардың әрқайсысы бір-бір тұлға. Ақындардың айтқан сөзі көрермен құлағында қалады. Халық, ел үшін жақсы сөздер айтылды. «Өнердің жаны құштарлық, жауы іштарлық». Сол құштарлық халыққа берілді, айтылды»,- деді Асанәлі Әшімов.

Ақындар бүгін ел бірлігі, татулық туралы жырлап, өзара әзілдесті.

Соңғы жаңалықтар