Ақтөбеде полиция қызметкерінің жағасына жармасқандар жазаланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде белгіленбеген орында темеке шегіп, полиция қызметкерлеріне бағынбаған екі айыпталушыға үкім шықты. Олар полиция қызметкерлерінің жағасына жармасып, оларға қол жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» бабы бойынша іс қаралды. Айыпталушы Жандос Жанай мен Қожа-Ахмет Жаңбырбаев жол-патрульдік полиция қызметкерлері А.Аққұлан мен Р.Айназаровқа бағынбаған.

Іс материалына сүйенсек, жол-патрульдік басқармасының қызметкерлері күнделікті тәртіпті бақылау үшін көшеде жүреді. Сол кезде қаладағы дүкендердің бірінің алдында, белгіленбеген жерде темекі шегіп тұрған айыпталушылар полиция қызметкерлері жақындаған кезде оның тұқылын жерде лақтыра салған. Құқық қорғаушылар әкімшілік жауапқа тартылатындарын айтып, олардың жеке куәліктерін сұрады. Құжаттары болмаған соң жақын маңдағы полиция бекетіне бірге бару қажет екенін айтып, ере жүрген. Ішімдік ішкен айыпталушылар полиция қызметкерлеріне дөрекі сөздер айтып, жол-патрульдік қызметкері А.Аққұланды ұрып, тепкілейді.

Полиция қызметкерлері жеңіл жарақат алған. Сол жерде айыпталушылар олардың рацияларын лақтырып, қызметтік күртешесін жыртты. Тіпті, бейнекамераны тіркеу құрылғысын сындырды. Сот отырысы кезінде екі айыпталушы да өз кәніларын мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот-медициналық сараптамасы екі полиция қызметкерінің жеңіл жарақаттанғанын растады.

«Жандос Жанай Қылмыстық кодекстің «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Қожа-Ахмет Жаңбырбаев Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігімен қаралған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оған 2 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, айыпталушы Жандос Жанай жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда 200 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылсын»,- деді судья Айнұр Бекмұхамбетова.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар