Ақтөбеде өзен жағасындағы саяжай тұрғындары жаңа ауданға көшіріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы Махамбет, Вохр, Құрылысшы-1, УВД-4 бау-бақша ұжымдарында тұратын адамдар көшіріліп, олардың үй салуы үшін несие беріледі. Бұл жоба Үкіметтің қарауына жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы өндірістік аймақта қоныс тепкен Махамбет, Вохр, Құрылысшы-1, УВД-4 бау-бақша ұжымдары аса қауіпті жерде орналасқан. Сондықтан жергілікті билік бұл проблеманы түбегейлі жою үшін Үкіметке жаңа жоба ұсынды.

«Бұл бау-бақша тұрғындарын қала іргесіндегі Сазды ауылына көшіру жоспарда бар. Дайын жерге инженерлік-коммуникациялық желі тартуға арналған жобалық-сметалық құжаты, үй жобалары да әзірленді. Үкімет ұсынысты қарап жатыр. Төрт бау-бақша ұжымының тұрғындарынан құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Тексеру басталды»,-деді Бекболат Нұрашев.

Жоспар бойынша әр үйдің аумағы 78 шаршы метр болады. Егер Үкімет ұсынысты мақұлдаса, алдымен тұрғындардың ескі үйлерін бағалау басталады. Ескі үйдің құны жаңа баспананың тең жартысын құраса, құрылысты аяқтауға несие беріледі. Барлығы 366 үй салу жоспарланған.

Еске салсақ, өткен жылы Ақтөбе қаласында бірнеше ауыл суға кеткен болатын. Ең көп зардап шеккені Махамбет, Вохр, Құрылысшы-1, УВД-4 бау-бақша ұжымдарының тұрғындары болды. Бұл ауылдың адамдарымен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев кездесіп, су ортасындағы тұрған үйлерді қарап шықты. Кейін көшіру туралы ұсыныс Үкіметке жолданды.

Соңғы жаңалықтар