Ақтөбеде өткен айтыста елді бірлікке шақырған ақын жеңіске жетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат Ақтөбеде «Ақтөбем менің, еңселі, жырыма қосам мен сені» атты республикалық айтыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдары Ақтөбеде республикалық ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналса, биыл Ақтөбе облысының 85 жылдығына орай өткізілді. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ақтөбе облысының әкімдігі, тілдерді дамыту басқармасы елімізге танымал сөз шеберлерін шақырып, ақтөбеліктер екі күн бойы ел мен жерді, ұлттық құндылықтарымыз бен ішкі, сыртқы саясатты жырлаған айтысты тамашалады.

Ал бүгін бас жүлде ақын Төлеген Жамановқа бұйырды. Жүлдеге 2 миллиион теңге берілді. Ал бірінші орынды Ринат Зайытов иеленді. Жансая Мусина екінші орын алды. Үшінші орын үш ақынға берілді. Олар:  Мақсат Ақанов, Мейрам Сұлтанхан, Дидар Қалиев.

Айтысты жүргізген Жүрсін Ерман өз сөзінде, «кезінде мецинаттардың демеуімен жолға түскен ақындар айтысы қазір билікте жүрген, ұлтқа жаны ашитын 4-5 әкім арқасында күн көріп жатыр» деді.

Айтыс жүлдегерлерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, айтыскерлерге ақтөбеліктер атынан алғыс айтты.

«Ел болашағы рухымыздың мықтылығына байланысты. Ал рухани байлығымыздың бірі, баяғыдан келе жатқан, бабаларымыздан тараған айтыс. Айтыс нағыз сөздің шешенінен туған. Біз Жансая мен Төлегеннің айтысын көрдік. Төлеген тауып айтты. Ол: «Бірлік болсын, бірлік болмаса жоңғарлар сияқты жойыламыз» деді. Қандай керемет сөз. Осы сөзді ұмытпау керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Екі күнге созылған айтыс кезінде Ринат Зайытовтың сөзі ел аузында қалды. Ол ақтөбелік ақынға «атың да, шапаның да керек емес, шығысқа Бердібек Сапарбаевты қайтарсаңдар екен» деді.

«Ай дидарлы Ақтөбедей қалаң бар,

Туылмайды мұнда тегін адамдар.

Табанымен тіреп жақан іргеңді,

Тау тұлғалы тама Есеттей бабаң бар»,- деген Ринат Зайытов ақтөбеліктерге ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар