Ақтөбеде өтетін инвестициялық форум кезінде 300 млрд теңгенің меморандумына қол қойылады

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Aktobe Invest-2017» халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Форум кезінде қонақ үй, газ өңдеу кешенін, логистикалық орталық салу секілді бірнеше жобаларды іске асыру келісімі жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Бір аптадан соң АҚШ, Польша, Италия, Армения, Ресей мен Қытай, Біріккен Араб Әмірлігі, Ауғанстан және Словакиядан инвесторлар келеді. 15 елден 300-ден астам адам екі күн бойы Ақтөбенің инвестициялық жобаларымен танысады. Жоспар бойынша форумның алғашқы күні Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ет өңдеу комбинаттары мен жылыжай кешендері таныстырылады. Сонымен қатар, өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан жедел жәрдем бекеті, қалалық стоматологиялық емхана, офтальмология орталығы көрсетіледі. Инвесторлар «Ақтөбе» индустриалды аймағына барып, газ, су, жарығы мен темір жолы жеткізілген өндіріс орнының жаңа мүмкіндіктерін көреді.

«Форумды ұйымдастыру кезінде шетелде оқып жүрген ақтөбелік жастар көмек берді. Олар шетелде оқып, кейбірі жұмыс істейді.Сондықтан біз Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндігін жеткізетін ақпараттық хабарламаларды таратып, өңірге инвестор шақыру туралы ұсыныс бердік. Ақтөбе облысының әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы келісім аясында Бейжіңнен әкімдіктің өкілдігі ашылды. Ақтөбе облысы әкімдігінің Қытайдағы өкілдігі арқылы біз өңірде шығарылатын өнімді жарнамалай аламыз. Еріктілер, студенттер жұмылдырылады»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. 

 Айта кетер жайт, осы инвестициялық форум кезінде құны 300 миллиард теңге болатын 15 меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

 «Еуропалық қаржы институтының қолдауымен «А» класты жылыжай кешені салынады. Жаңа жылыжай заманауи технологиямен жабдықталады. Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында бірқатар келісімге қол қойылады. Ақтөбеде өндірілген ет қазір Иран, Бірікке Араб Әмірлігіне тасымалданып жатыр. Ірі шетелдік компаниялар өңірдегі ет өңдеу комбинаттарымен келісім шартқа қол қоюға әзір. Біз етті экспорттарды бірізге салып, жоспарлы жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Форум кезінде кен орындарымен де меморандумға қол қойылады. Алдағы уақытта іші мұнай компанияларының жанынан шағын және орта кәсіп ашылады. Мұнда мұнай өндіру, өңдеуге қажетті қосалқы бөшектер шығарылады. Ақтөбедегі трансұлттық компаниялардың мүмкіндігін де кең пайдалану көзделуде»,- деді Қайрат Бекенов.

Еске салсақ, биыл инвестициялық форум «ЭКСПО-2017: Өңірлердің даму серпіні» атауымен өтеді. Ақтөбе қазірге кезде инвесторларды тарту бойынша еліміз бойынша көшбасшылар қатарында тұр. Ал 2015 жылғы форум кезінде құны 300 миллиард теңге болатын 12 меморандумға, өткен жылы 14 меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар