Ақтөбеде «оқ өтпейтін» әйнегі бар аялдама орнату жұмысы аяқталмай жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы аялдамаларға брондалған әйнектер салынып жатыр. Қала әкімі Ілияс Испанов бұл арнайы тапсырыспен жасалған аялдама екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында 500-ге жуық аялдама бар. Оның тең жартысына аялдама павильоны қойылған, өзгесінде адамдар жол жиегінде тұрады. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласының басты даңғылдарында аялдама салу жұмысы жүріп жатыр. Ол үшін аялдама павильонының бір бұрышын сауда орнына айналдырғандарды жойып, жаңасын қондыру қарастырылған. Өткен жылы 34 аялдама салынып, оның 12-і бюджет қаржысына тұрғызылды. Ал өзгесі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынуда. Кәсіпкерлер аялдама павильонын қондыру туралы ұсынысты өздері айтады.

«Қазіргі аялдама желден, күннен, жаңбырдан сақтамайды деп айтады. Бұл сын дұрыс. Бірақ аялдамада адамдар ұзақ тұрмайды. Сол бағытта жұмыс істеп, қоғамдық көліктердің ара қашықтығын қалпына келтіріп жатырмыз. Мұндай аялдамалар Астана қаласында бар. Астананың ауа райы бізден салқын. Бұл аялдама қаланың бір атрибуты, дизайнға сай келеді. Қалалық кеңесте қаралды, мақұлданды. Жыл басында мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Жеңімпаз компания қыркүйек айына дейін өз міндеттерін орындамаған соң сотқа шағымдандық», - деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Айта кетейік, енді «Табыс Ақтөбе» ЖШС арқылы 19 аялдама сатып алынады. Оның үшеуі үлкен. Бұл аялдама павильондары адамдар көп шоғырланатын орындарға қойылады.

«Дөнер, самса сатқан аялдама павильондары жойылады. Бәрі жол-көлік ережесіне сайы болуы керек. Мемлекеттік сатып алуды ұтып алған кәсіпкер үш рет біз қойған талапқа сай келмейтін аялдама павильонын әкелді. Талап бойынша брондалған әйнек қондырылған. Қоғамдық орындағы әйнек сынған кезде адамдарды зақымдамайды. Аялдама жарықтандырылады, шамы түнде жанып тұрады. Біз әр аялдаманы салуға 1,5 миллион теңге бекіткен болатынбыз. Олар 1,1 миллион теңге ұсынды. Қойған талапқа сай келмей жаз бойы аялдамалар салынбады»,- деді Ілияс Испанов.

Еске салсақ, бұған дейін жергілікті әкімдік USB порты бар аялдаманың әрқайсысын 1,6 миллион теңгеге сатып алған болатын. Бұл аялдамалар қазір істен шығып, басқа аудандарға көшіріліп жатыр. Жалпы Ақтөбенің Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылына қалалық кеңесте бекітілген 54 аялдама орнатылады.

Соңғы жаңалықтар